Астанада көктайғақ салдарынан 300-ге жуық адам жарақат алды

1-қаңтардан бері Астанада отызға жуық азамат көктайғақ салдарынан жарақат алған. Қалалық травматология мамандары «келушілердің көбісі қол-аяқтарын қайырып алғандарын айтады», - дейді. Ал жергілікті билік болса «қала көшелерін көктайғақтың алдын алу үшін  28 мың тонна  құм - тұз аралас қосынды және 1100 тонна мұз ерітетін реагенттер қолданыста бар», - дейді.

¤Қазір Астана қысын болжау қиын. Бірде аяз қосылған жел тұрса, ертеңіне түскен қарды ерітіп жіберетін күн көзі ойнап шығады. Өзгергіш күн райы көктайғаққа да себеп. Салдарынан жаңа 2018 жылдың алғашқы күндері қалалық травматология бөліміне 300-ден аса азамат жарақат алдым деп келсе, олардың 10 пайызы көшеде құлап майып болғандар.

«Жарақат алған адамдар саны 300-дей.  Олардың 10 пайызы далада құлап жарақат алғандар.  Ал, 90 пайызы горка мен катокта сырғанап жүріп құлағандар», - деді травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты травматология бөлімінің басшысы Ертісбай МОЛДАҒАЛИЕВ. 

Елордалықтар қаланы тазалау мәселесіндегі коммуналдық шаруаның қызметіне түрлі баға берді. Бірі, атқарылған жұмысқа разы болмаса, бірі сақ болуға шақырды.

Қаланы қардан аршитындар 24 қазанннан бері 1 миллион текше метр шамасында ақ ұлпаны қала сыртына шығарған. «Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда  түскен қар мөлшері 5 есе көп», - дейді көптің көңілінен шыға алмай жатқан жұмысшылар.    

«Қыста қала көшелерін көктайғақтың алдын алу үшін 28 мың тонна құм - тұз аралас қосынды мен 1100 тонна мұз ерітетін реагенттер сатып алынды. Реагенттер шетелдікі. Былтырғы жылы 5 миллион текшеметр жауған қарға қарсы 29 - 30 мың тонна кетті. Биыл осы уақытқа дейін жауған қар мөлшері 1 миллион текшеметрге жетті. Сондықтан біз сатып алған мөлшер жеткілікті болады деп есептейміз», - деді «Астана тазалық» ЖШС өкілі Алтын НҰРЖУМИНА.  

Мерекелік күндерді қоса алғанда, темір тұлпар тақымдаған 100-ден аса адам көктайғақтың кесірінен апатқа түскен. Абырой болғанда адам аман.

«Жыл басынан бері Астана қаласының аумағында 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 6 адамадай дене жарақатын алып, оның 3-і емханаға жеткізілген. Қазіргі таңда жолда, Астананың жолында ахуал тұрақты деп айтуға болады. Барлы шаралар қолданылуда. Осы ірі жол-көлік оқиғасын болдырмау мақсатында және алдын алу жұмыстары жүргізілуде», - деді Астана қаласы ІІД ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Қаланы қардан аршитындар қазір күні-түні жұмыста. Астананың әр түпкіріне жетіп, қатқан мұзды еріту үшін 200-ге жуық техника мен 150 - ден астам  адам тартылған. Жолаушыларға жағдай жасай алмай жатқан жауаптылар қосымша жұмысшы күшін алуға асығар емес.