Бұрынғы Үкімет үйіне жаңғырту жұмыстары жүргізіледі

Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университеті – Қазақстанның сакралды картасына енген нысандардың бірі. Тарихи маңызы бар ғимаратта 1991 жылы 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі» туралы конституциялық заң қабылданды. Тәуелсіздік туралы құжатқа ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар ғимаратта талай тарихи шешімдер қабылданған. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Үкімет үйінде азаттық таңын сыйлаған құжатқа қол қойылды. Жоғарғы Кеңестің 12-ші шақырылымына қатысқан депутаттар мен зиялы қауым өкілдері маңызды құжатты үш күн дамыл таппай дайындаған.

«Бұл екінші Үкімет үйі. Оның жобасы 1933 жылы жасалған. Жобаны бүкіл кеңес одағы байқауында жеңіске жеткен сәулетшілер әзірлеген. Ұлы Отан соғысы басталып кеткен соң жоба тоқтатылған. Кейіннен құрылысы 1951 жылы басталып, 1957 жылы аяқталған», – дейді Алматы музейінің жетекші маманы Гүлмира БІЛӘЛОВА.

Тарихи нысандағы әрбір жиһаз бен қолданылған заттар әлі де сақтаулы. Маңызды жиын мен отырыс өткен залда қазір жастар білім нәрімен сусындап жүр. Аталған ғимаратты 2001 жылы Қазақ-Британ техникалық университетін орналастыру туралы шешім қабылданған. Бүгінде тарихи нысан еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің бақылауында.

«Ғимараттағы бұл дөңгелек залда дәріс өткізіліп тұрады. Одан бөлек, басқа да шаралар өтеді. Студенттер кездесуі де ұйымдастырылып тұрады. Бірақ осы жылы жаңғырту жұмыстарын өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ҚБТУ департамент директоры Бауыржан ТӘЖІМҰРАТОВ.

Осыдан екі жыл бұрын ғимаратқа ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ескерткіш тақта орнатылды.

Перизат Көмекбайқызы, Жанна Хабдулхабар, «Алматы» телеарнасы