ШҚО-дағы топан судан зардап шеккендерге астаналықтар көмек көрсетуде

Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны қайталануы мүмкін. Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин өңірді су басу қаупі бар деп, жергілікті тұрғындарды қамдануға шақырды. Ведомство өкілі бұдан басқа Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары да төтенше жағдайға дайын болу керектігін ескертті. Ал Астанада тосыннан келген топан судан зардап шеккен аягөздіктерге көмек жинайтын топ құрылды.

Толассыз жауған жаңбыр мен еріген қар суының астында қалған Аягөзде қазір жағдай қалыпты. Су кірген 138 үйдің тек 8-інде ғана  су сору жұмыстары бітпеген, деді Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин. Журналистерге жауап бере отыра, ол Шығыс Қазақстанда тағы да қызыл су жүруі ықтимал екендігін жасырмады. Бұл туралы ведомствоны «Қазгидромет» ескертіпті.

«Біз дауылды ескерту алдық. Соны жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындарға жеткіземіз. Жақын күндері бұл апатты жағдай қайталануы мүмкін», - деді ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий ИЛЬИН.

Көктем келе көпшілікті әбігерге салатын сел қаупі өзге де өңірлерде бар. Шығыс Қазақстаннан бөлек, бір қала мен төрт аймақ айрықша бақылауға алынған, деді вице-министр.

«Олардың қатарына Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары бар. Қазір мамандар бұл аймақтарда жұмыс істеп жатыр. Бақылау жүргізудеміз», - деді ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий ИЛЬИН.

Ал биліктен бөлек, Астанада қарапайым халық та табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен шығыс қазақстандықтарға көмектесуге күш салуда. Қайырымды жандардың бастамасымен жылы киім мен төсек орындар жиналып жатыр.

«Енді бұл дәстүрімізде бар дүние ғой. «Жылу жинау» деген, тілсіз жаудан, су апатынан, тағы да басқа қиналғанда көмек. Халыққа біз көмектесепегенде, халық болып бірлеспегенде, кім көмектеседі?! Соған барынша, қолдан келгенше, осындай жиналып жатқан бастамаларға өте риза болып жатырмыз. Қолымыздан келгенше көмек көрсетейік, қолымыздағы барымызды берейік», - деді Бағлан ЕРЛАН.

«Бүгінгі таңда осы жерде, Жұмабаева 14, «Студенттер үйінде» біз елдің беретінін, ол - киім-кешек күйінде бола ма, төсек орыны бола ма, ол тамақ күйінде бола ма сондай көмектерді жинап жатырмыз. Одан кейін Аягөз қаласының әкімшілігімен хабарласып, ол кісілерден жеке есеп - шот алдық. Ол жерде «Аягөз- Болашақ» деген қоғамдық қор ашылыпты. Сол қордың шотын қазір халыққа таратып жатырмыз», - деді топ жетекшісі Мерей ШӘЙМЕНОВ.

Ал ауа райын болжайтын мамандар наурыздың 14-і мен 16-сы аралығында  Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстаннан бөлек, Қарағанды мен Қостанай аймақтарында да күн райы күрт жылып, толассыз жаңбыр жауып, су тасу қаупі бар екендігін ескертті.