|
22.06.2018 | 15:10
1873

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан атыраулық сарбаздың сүйегі туған жеріне жерленді

75 жыл бұрын екінші дүниежүзілік соғыста Төменгі Новгородта қаза тапқан Құспанғали Боранбаевтың сүйегі туған жері Атырау облысы, Құрманғазы ауданына жерленді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Құспанғали Боранбаев 1941 жылы 19 жасында майданға аттанып, Парфинск ауданындағы Төменгі Новгородта болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Өткен жылы осы ауданда іздестіру тобы 489 жауынгердің сүйегін тапқан, солардың арасында атыраулық сарбаз да бар. Батыр сүйегін жерлеу рәсіміне Құспанғали Боранбаевтың ағайындары, ардагерлер, жастар, іздеу тобы мүшелері қатысты.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев соғыс кезінде хабарсыз кеткен жауынгердің сүйегін елге жеткізу жұмыстары қалай жүргенін айтты.

«Біздің бүгінгі ашық аспанымыз үшін жанын қиған батырымызды туған жер топырағына табыстап отырмыз. Құспанғали ағаның тағдыры туралы хабар жеткен бойда облыстық архивтерден ағайын-туыстары жайлы деректер іздедік. Көршілес Астрахан облысындағы архивтерге хабарластық, бірақ ешқандай мәлімет шықпады. Жыл бойы ресейлік әріптестермен келіссөздер жүргіздік. Сарбаз сүйегін туыстарының барын растайтын құжат болған кезде ғана беруге келісті, - дейді Нұрлан Ноғаев.

Жыл бойы жүз том архив материалдары қаралды, бірақ іздеу жұмыстары нәтижесіз болды. Облыс басшылығы ресейліктерден Құспанғали Боранбаевтың сүйегін туған жеріне жерлеуге келісім алды.

«Барлық мәселелер шешіліп, сүйекті Атырауға әкелуге келісім алынған кезде Құспанғали Боранбаевтың туыстары табылды деген хабар келді. Мұның бәрі соғысқа қатысқан батырларға деген құрметті көрсетеді. Ұрпақтарының арқасында Құспанғали ағаның рухы туған топырағымен қауышты», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Жауынгер сүйегін жеткізу процесі қиындық тудырмады. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі, Санкт-Петербург пен Астрахандағы бас консулдығы қолдау көрсетті. Солардың септігімен соғыста қаза тапқан жауынгер сүйегі ұшақпен алдымен Астанаға, сосын Атырауға жеткізілді.



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир