Есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған ерекше кепканы IT мамандары ойлап тапты

IT мамандар  дәрігерлер мен студенттермен бірлесе отырып мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін  жеңілдететін 9 аппарат жасап шықты. Өнертапқыштар өз туындыларын Алматыда өткен «мейкатон» марафонында таныстырды. Олардың ішінде оңалту құрылғысы, ақылды қолғаптар мен мылқау адамдарға арналған кепкалар бар. 72 сағаттың ішінде құрастырып шыққан құрылғылардың қалай жұмыс істейтіні туралы келесі бейнаматериалда.

Оңалту аппаратының прототипі арбаға таңылған жандар мен түрлі апаттардан соң ем қабылдап жүргендер үшін таптырмас құрал. Оның көмегімен денені тікесінен  тұрғызып қана қоймай,  ванна қабылдауға болады. Тіпті, құралды мүгедектер арбасына айналдыруға болады. Сонымен қатар балдақпен жүруге де көмегі бар, ол үшін аяқтың бекітілуімен арнайы экзоскелет орнатылады. Ең бастысы - құрылғының бағасы қолжетімді.

«Егер адами ресурстарды және машинаның тозуын есепке алмасақ, біздің ойлап тапқан құралымыз қазіргі уақытта 260 мың теңге тұрады. Яғни, дүкендегі осындай аппараттардан 5-6 есе арзанырақ»,-деді өнертапқыш Қорған КОНКУЛОВ.

Есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған кепка мен алқа да бірден көзімізге түсті. Олар құлағы естімейтіндерге дыбыстың қайдан шығып жатқанын анықтауға  көмектеседі.

«Бұл заттар әлі де болса жетілдіруді қажет етеді. Бір прототип вибрация арқылы жұмыс істейді. Біз оны әдемі әшекей ретінде жасауға тырыстық. Ал екінші прототип ол түстер арқылы жұмыс істейтін кепка. Мысалы, мен қазір шапалақтасам әрекет қай жақта болып жатқаны көрінеді»,-деді өнертапқыш Дина ПАНЮКОВА.  

Мейкатон фестивалі жыл сайын ұйымдастырылады. Талабы 72 сағат ішінде командалар кемтар жандардың өмірін ыңғайлы ететін аппараттар құрастырып шығуы тиіс. Бұл шараға Орталық Азияның барлық елдері қатысады. Сапасы мен бағасы сай- ең үздік деген құрылғылар көптеген данамен шығарылып, мұқтаж жандарға қолжетімді болады.

Ромина Макаримова, Асет Кундакбаев, Алматы телеарнасы.