|
29.12.2017 | 15:54
1925

Физика саласында 60-қа жуық еңбек жазған қазақ ғалымы қаңғыбастар үйін паналап жүр

Саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнап, физика саласында 60-қа жуық еңбек жазған қазақ ғалымы қаңғыбастар үйін паналап жүр. Жасы жетпістен асқан қарияны туыстары тұрмақ, туған балалары керек етпепті. Сапарбай Арынов Бейімдеу орталығында жатып-ақ, кітап жазуға кіріскен.

Физика ғылымында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, 60-қа жуық еңбек жазған Сапарбай Арынов, Алматыдағы тұрақты мекені жоқтарға арналған бейімдеу орталығында жатқанына 2 айға жуықтаған. Ақсақалды бұзақылар соққыға жығып, бар ақшасы мен құжаттырын қолды қылыпты. Амалы таусылған қария қаңғыбастар үйін паналауға мәжбүр болған. Сапарбай қартты келіні үйлеріне сыйғызбаған көрінеді.

«Өзінің аузынан естігенім, "мен сізді жолатпаймын" дегендей әңгімені естігенмін. Ол енді мынау жасы келген адамға ол жақсы тимейді»,-деді Физика-математика ғылымдарының кандидаты, Сапарбай АРЫНОВ.

Келініне өкпесі қара қазандай болса да, қария бұл сөздерді ұлына жеткізбепті. Тек бөлек тұруға бел буғанын ғана айтқан. Осылайша, Сапарбай Арынов қаңғыбастар үйінен бірақ шыққан. 72-жастағы қария әлі де тың. Бұған дейін Алматы технология университетінде сабақ беріп, 20 жылдан астам Ядролық физика институтында еңбек еткен ғалым қазір кітап жазып жатыр екен. «Электротехника» атты кітабын физика ғылымын қазақ тілінде тереңінен меңгеретін студенттерге арнамақ.

«Жәутіков атындағы физика-математика мектебінде жұмыс істегем 5-6 жыл. Сонда балаларды олимпиадаға дайындағанмын. Солардың алды күміс медаль алды, жақсы нәтижелер болды. Солармен де жұмыс істеу жоспарым бар одан кейін тағы бір жоспарым, Алматы технологиялық Университетінде жас жігіттер мен қыздар бар. Соларды аспирантураға тартпақпын»,-деді Физика-математика ғылымдарының кандидаты, Сапарбай АРЫНОВ.

Физик ғалымның бір ұл бір қызы, 4 немересі бар. Бірақ, балалары әкесіне мүлдем іздеу салмайтын көрінеді. Соның кесірінен, орталықтағылар қамкөңіл қарияны қарттар үйіне де өткізе алмай отыр екен.

«Бұл кісінің бала шағасы болғаннан кейін біз қабылдамауымыз керек бұл орталыққа. Енді жағдайға байланысты, қазір қыс түсті күн суытқаннан кейін қабылдадық. Біз басқа қарттар үйіне өткізу үшін, бұл кісі қарттар үйіне барғым келеді дейді. Бірақ, ол үшін заң бойынша бала-шағасы бас тарту керек заңды түрде, сот арқылы»,-деді Алматы қаласы бейімдеу орталығы директорының міндетін атқарушы, Қазыбек ЖЫЛҚЫБЕКОВ.

Сапарбай қария сынды биыл бұл қаңғыбастар үйін талай науқастың дертіне араша болған дәрігер Жұмабек Дүйсебаев паналапты. Қаңғып қалғандар бейімдеу орталығында тек 1 жылға дейін паналай алады.

Бұл орталыққа күніне ешкімі жоқ немесе туыстары бас тартқан панасыз 4-5 адам келіп түседі екен. Ал, оларға мұнда тегін тамақ, жылы киім, жатын орын беріледі. Алайда, тек уақытша ғана. Ғимарат әкімшілігінің айтуынша, мұнда жатқандардың дені түрмеде отырып шыққандар көрінеді.

Үй-күйсіздердің саны жыл санап артып отыр екен. Қазір орталықта 185 адам болса, оның 29-ы әйел. Көбісі егде жастағылар. Орталық мамандарының айтуынша, бұл әзірге келушілердің тек жартысы ғана. Өйткені, қыс қаһарына мінгенде қаңғыбастар орталыққа сыймай қалатын көрінеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы

  

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир