Қазақ ұлттық консерваториясына жаңа ректор тағайындалды

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Арман Жүдебаев Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысы Арман Жүдебаевты жаңа қызметке тағайындай отырып, бұл міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

«100 есімді жеңіп алғаның да бекер емес. Әлі жассың, бірақ та музыкантқа жастың қандай қажеттілігі бар. Барлығынан өттің, өзіңді көрсеттің. Құрманғазы атындағы ең үлкен оркестрді басқарып жүрсің. Консерваторияға ректор қып тағайындау үшін шақырып отырмын. Тарихы бар бұрынннан келе жатқан. Өзің бітірдің соны, ұшқан ұяң»,-деді Қазақстан Республикасының президенті

«Сеніміңізге үлкен алғысымды білдіремін. Сеніміңізді ақтаймын деп ойлаймын. Енді, үлкен шаңырақ сол жерде екі мамандық бойынша білім алдық. Халықаралық деңгейдегі дирижерлармен де байланыста болдық. Енді қолымнан келеді деп ойлаймын . Ұлттық универіміздің әрі қарай жаңғырту үшін үлкен үлесімді қосамын деп ойлаймын»,-деді Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман ЖҮДЕБАЕВ.

Арман Жүдебаев Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық орта мектеп интернаттың түлегі. 2004 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыка факультетінің домбыра мамандығы бойынша және 2005 жылы қосымша дирижерлау мамандықтарына оқуға түсіп, үздік бітірген. 2013 жылдың кыркүйегінен бастап Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері қызметін атқарған. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Айта кетейін, кеше, осыған дейін консерватория ректоры болған Жәния Әубәкірова Елбасы өкімімен қызметінен босатылды.