|
02.06.2018 | 08:52
2777

Қазақстандағы аналар үйінде баласымен бірге 300-ге жуық әйел тұрады

Қазақстандағы аналар үйінде баласымен бірге 300-ге жуық әйел тұрады. Олардың арасында 14 жастағы мектеп оқушылары да бар екен. Жесір қалған келіншектерді қолдау үшін ашылған ұйым тұл жетімдердің болмауына септесіп келеді. Соңғы 5 жыл ішінде үш мыңнан астам бүлдіршін балалар үйіне өткізілмеген.

Элиза Әбішева Өзбекстанда туған. Қазақ жерінде тұрып жатқанына 18 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде біздің елдің азааматтығын ала алмаған 23 жастағы қыздың бір ұлы бар. 6 жасар Аят қоянжырық дертіне шалдыққан. Элиза баласына әкесі туралы тіс жармайды екен. Себебі, аяғы ауыр кезде-ақ баламды өзім бағып-өсірем деп шешім қабылдаған.

« Жүкті кезімде бәрі маған "бұл баланы қайтесің, әлі жассың ғой, жетім балалар үйіне өткізе сал" деп үгіттеді. Ал, мында керісінше, бала үшін күресуің керек, сен мықтысың, қолыңнан келеді деп күш-жігер береді. Менің арманым, балам сауығып, ел қатарлы сөйлеп кетсе екен»,-деді Элиза АБИШЕВА.  

Айжан тұрмысқа шыққанда қолында бірінші күйеуінен туған баласы болады. Өгей әке өзгеден туған баланы жақтырмай ақыры екеуі айырылысып тынады. Ал баласын уақытша қарай тұрамыз деп алған Тараздағы туыстары қазір баланы бермей отыр екен. Аналар үйінде Айжан секілді қиын жағдайда қалған әйелдер көп. Олардың проблемаларын бүгін Алматы қалалық Әділет департаментінің мамандары тыңдады. Заңгерлер әкелік және аналық құқықты алып беруден алимент құжаттарын толтыруға дейін көмектеседі. Қазақстанда мұндай аналар үйінің саны - 25. Бір ғана Алматының өзінде 14 пен 30 жас аралығындағы 40-тан астам әйел қазір дәл осындай мекемеде көмек алуда. Алданып қалған әйелдер әсіресе, оңтүстік өңірлерден жиі келеді,-дейді мамандар.

«Бұл кісілердің көптеген сұрақтары әкелерінің көмектеспеуі, әкелік құқықты танымай қалуы немесе әкелердің қайда жүргенін білмеуі. Біздің тараптан сот саласымен және де сот саласының мамандарымен біріге жұмыс жасап, бұл кісілерге алимент өндіру, өздерінің балаларының құжаттарын жасап беру туралы өз тарапымыздан көмек жасаймыз», - деді Алматы қалалық әділет департаментінің бөлім жетекшісі Нұржан МҰРАТХАНҰЛЫ.

Сарапшылар, балаңызбен көбірек сөйлесіңіз, ең «ұят» деген тақырыптардың өзін талқылаудан қашпаңыз деп кеңес береді. Балаңыз неғұрлым сауатты болған сайын жас кезінде қателікті аз жібереді,- дейді. Аналар үйіне кейде қолындағы баласымен ер азаматтар да келіп, не істерін білмегеннен баладан бас тартып та жатады екен. Оларға да мұнда қолдан келгенше көмек көрсетіледі. Әзірге, Аналар үйі 5 жыл ішінде 3 мыңнан аса анаға көмек қолын созған. Бұл  3304 бала жетімдер үйіне берілмеген деген сөз. Тіпті, кей әйелдер осында жүріп білім алып, жұмысқа тұрып, тіпті тұрмысқа шығып жатады екен.  


Тоғжан Аман, Жанна Хабдулхабар, Нурбол Абдекеримов, ТК «Алматы»    


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp

В СТАТЬЕ

жесір
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир