Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Алматы ТЖД: сел тасқынына қауіпті көлдер бақылауға алынған

Алматыға сегіз көл қауіп төндіріп тұр. Сел жүру қаупі күн райы күрт жылынғалы күшейген. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, тау үстіндегі 37 көлдің 15-інен қауіп бар. Бірақ, Ақсай, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Қарғалы сынды барлығы сегіз өзеннің бассейндерінде жиналған су көлемі 1 жарым миллион текше метрге жеткен. Мореналық көлдердің суы 5 су сорғыш аппараты арқылы диаметрі 315 мм сифон құбырлармен төменге жіберіліп жатыр.

«Аса қауіпті мореналдық 8 көлде су түсіру жұмыстары басталады. Республикалық бюджеттен биыл бұл жұмыстарға 46 миллион теңге бөлінді. Мына жерде, міне, судың деңгейі көтерілгенде сифон автоматты түрде өзі қосылып, суды төменге түсіреді», – деп түсіндірді Алматы қаласы ТЖД басшысының орынбасары Ерлан ӘЛІБЕКОВ.

Казгидрометтің болжауынша, шілде айында ауа темперетаурасы 39 градусқа дейін көтеріледі. Бұл мұздықтардың еріп, көл деңгейінің көтерілуіне әкеледі. Осы қауіптің алдын алу мақсатында қазір бұрыннан бар 8 бекеттің санын 13-ке жеткізу жоспарланған. Ақсай өзені бастау алатын нөмірі үшінші көлдің деңгейін төмендету шаралары жүргізіліп жатыр. Көлдегі 30 мың текше метр су қазіргі сәтте 3 есеге дейін азайтылған. Жағдайды бақылауда ұстау үшін тәулік бойы күзет қойылған. Төтенше жағдайлар департаменті сел қаупіне қатысты цифрлық бақылау жобасын енгізбек. Осы мақсатта қала әкімдігінен 83 миллион теңге бөлінген. Ал қосымша бөлінген тағы 27 миллион теңгеге Кіші және Үлкен Алматы көлдерінің селдік қауіп-қатер картасы жасалмақ.

«Биылғы жылы бізде тағы Қарғалы бассейнінде нөмірі үшінші көл жаңадан пайда болды. Оны біз 25-маусымнан бастап қауіпсіздендіру жұмысын бастап кеттік. Барлық көлдерде қауіпсіздендіру жұмыстары жүргіп жатыр. Мердігер компаниядан 120, Қазселденқорғаудан 15 адам жұмыс істеп жатыр», – дейді «Қазселденқорғау» ММ қалалық басқармасының басшысы Самат ДӘУЛЕНХАНОВ.