|
03.09.2018 | 14:21
1849

Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес елдерге үндеу жолдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес елдерді өзара сауда-саттықты арттыруға үндеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Президенттің айтуынша, бүгінгі әлемде геоэкономикалық аxуал біршама өзгерді. Халықаралық қатынастар да шиеленісе түсті. Себебі санкция мен сауда бәсекесі қызып тұр. Қаржы нарығы өзгеріп, инвестициялар азайды.

«Қауіпсіздік саласында да қатерлер күшейді. Олар – терроризм, діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз миграция және есірткі тасымалы. Аталған сын-тегеуріндер түркі дүниесіне де әсер етпей қоймайды. Сондықтан бұның барлығы бізден кешенді іс-шараларды қолға алуды талап етеді. Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастық пен күш-жігер өзара даму үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Н.Назарбаев Түркі кеңесінің VI саммитінде.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нақты істер арқылы тереңдету керек.

«Ең алдымен, елдеріміздің транзиттік әлеуетін толыққанды пайдалануымыз қажет. Біз – бір белдеудің бойындағы батыс пен шығысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғастырушы алтын арқау болатын елдерміз. Жақында Ақтау қаласында қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция өңіріміздің транзиттік әлеуетін арттыруға серпін беретіні анық. Осы саладағы іс-қимылымызды үйлестіру көлік-транзиттік жолдарымыздың тиімділігін еселеуге мүмкіндік берер еді. Сондықтан Түркі кеңесі мемлекеттерінің көлік министрлері мен теңіз әкімшіктерінің кездесуі аясында тарифтік және саяси-әкімшілік рәсімдерін жеңілдету жолында белсенді жұмыс жүргізу керек», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Қазірдің өзінде түркі елдерінің көлік-транзиттік әлеуетін арттыратын бағыттар бар. Мәселен, Кавказ арқылы жүретін теміржол ашылған. Қазақстан жағында Құрық және Ақтау теңіз порты миллиондаған тонна жүктерді өткізе алады.

«Оған қоса, Қазақстан, Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына шығатын теміржол іске қосылған. Сосын Қытайдың шығысынан контейнерлерді Қазақстанмен Каспий арқылы Еуропаға жеткізілуі біз үшін жаңа мүмкіншілік, оны пайдаланып, сауда-саттығымызды күшейтуге әбден болады», – деді Н.Назарбаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті түркітілдес елдерді «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына атсалысуға үндеді. Себебі аталған орталық арқылы өңірге инвестиция мен капиталды көптеп тартуға болады.

Айта кетейік, бүгін Ыстық көлдің жағасында Түркі елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті өтті. Биылғы саммиттің тақырыбы – «Жастар саясаты және ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастық». Оған Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Мажарстанның басшылары қатысты. Мемлекет басшысы Түркі кеңесінің кейбір ұйымдарын қысқартуды ұсынды.  Алдағы уақытта «Руxани жаңғырудың» жобалары түркі әлеміне де таралады.  



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

Прямой эфир