Елбасы Алматыдағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды


Бүгін барша қазақстандықтар Ұлы Жеңіс күнін тойлап жатыр.  Адамзат тарихындағы қасіретке толы қанды қырғынның аяқталғанына тура 73 жыл толды. Атаулы мерекеде Мемлекет басшысы Алматыға табан тіреп, қатары сиреген соғыс ардагерлерін құттықтады. Елбасы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағындағы салтанатты шараға қатысып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Қазір сол жерде жүрген әріптесім Айдана Мейрамбайқызымен тілдесіп көрсек.

-Айдана қайырлы күн! Алматылықтар Жеңіс күнін қалай тойлауда?

-Қайырлы күн Өмір, мереке құтты болсын! Жыл сайын көктем келгенде тойланатын Жеңіс күнінің орны әр отандасымыз үшін ерекше. Бүгін де 28 панфиловшылар саябағына ағылған жұрттың қарасы өте көп. Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған шара таңғы сағат 10.00-де Мемлекет басшысының қатысуымен басталды. Әуелі Президентке Мемлекеттік күзет қызметінің құрметті қарауыл ротасы құрмет көрсетті. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев оркестрдің сүйемелдеуімен Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бір минутқа созылған үнсіздіктен соң Елбасы соғыс ардагерлерін құттықтап, бұл күннің маңыздылығына тоқталды.

«Бұрынғы Кеңес Одағының барлық халқы күреске бір адамдай болып, жұмылып, бірлік көрсеткеннің арқасында Ұлы Жеңісте біздің ата-бабаларымыз жеңіп шықты. Менің буыным, менен кейін өсіп келе жатқан інілерім өздерің бақытты деп санауларына болады. Күнделікті шаруада «анау жетпейді, мынау жетпейді» дейді. Егер де ойлап қарасақ, тек қана біздің буын соғыссыз өмір сүріп келе жатқан буын. Біздің аталарымыз революция кезіне келді. Әкелеріміз ҰОС кезіне келіп, репрессияға түсті. Біз ғана бейбіт өмір сүріп келе жатырмыз. Оның барлығы ардагерлердің арқасы.Сіздерге мыңда бір рахмет. Жасай беріңіздер, араларымызда бола беріңіздер деп тілек айтамын», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Президент адамзат тарихындағы ең дүлей шайқасқа қазақ жерінен 1 миллион 800 адам аттанғанын тілге тиек етті. Соның тек жартысы ғана елге оралыпты. Өкініштісі сол, сұрапыл соғыста оқ пен оттың арасынан аман қалған ардагерлер саны жыл санап сиреп барады. Қазір елімізде 2067 Ұлы Отан соғысының ардагері бар екен. Былтырдан бері жеңіс туының желбіреуіне өлшеусіз үлес қосқан 709 ардагеріміз бақилық болған. Бүгін саябаққа жиылған ардагерлер майдандастарын еске алып, сұм соғыстың болмауын тіледі.

Әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін ешкім ұмытпайды. Сондықтан да Отан үшін от кешіп, қыршын қиылған батырлардың руxына тағзым ету үшін жұрт әлі де Мәңгілік алаңға ағылып жатыр. Осы уақытқа дейін мерекелік шараға шамамен 10 мыңға жуық адам келді. Мәңгілік полк шеруіне шыққандар да алау жанына келіп сап түзеді. Айта кетсек, Жеңістің 73 жылдығын тойлау мұнда кешке дейін жалғасады. Қазір шағын саxнада концерт өтіп жатыр. Сондай-ақ келушілер сарбаздардың ботқасынан дәм татып, әскери теxникалардың көрмесін тамашалай алады. Ал мерекелік отшашу түнгі 22.00-де Астана алаңында өтеді. Соғыс өрті ешқашан тұтанбай, тек бейбітшілікте өмір сүрейік деген тілекпен сөз тізгінін өзіңе бердім.