Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Егіз ұлдарын тұншықтырып, мәйітін тоңазытқышқа тыққан ата-анаға қатысты басты сот талқылауы басталды

Алматыда егіз ұлдарын тұншықтырып өлтіріп, мәйітін тоңазытқышқа тығып кеткен ата-анаға қатысты істің басты сот талқылауы басталды. Олар жантүршігерлік қылмысты қалай жасағандарын жасырмай жайып салды. Айтуларынша, балаларды ішімдікке сылқия тойып алған әкесі Эмиль Гильмутдинов кезек-кезек қылқындырып мерт қылған. Ал ол кезде үш баланың анасы Алла Волченко мұны білместен үлкен ұлды алып түнге дейін қыдыруға кетіпті. Балаларды өлтірген жоқпын деген шеше кінәсін тек жартылай ғана мойындап отыр.

«Егіз ұлдарын айуандықпен өлтірді» деп айыпталып жатқан ата-ана сотта жасаған қылмыстарын тәптіштеп айтып берді. Белгілі болғандай, 7 қыркүйек күні отбасында таңертеңнен ұрыс шыққан. Кейін үлкен ұлды алып анасы Алла Волченко саябаққа қыдыруға кетіпті. Үйде 1 жасқа енді толған екі баланы ішімдікке сылқия тойып алған әкесі Эмиль Гильмутдинов қарап қалған. Арам су ұрттаған оның егіз ұлдар мазасын алса керек. Оларды түскі 2-лер шамасында кезек-кезек қылқындырып өлтіріп тастаған. «Бұл әрекетім ішімдіктің кесірінен болды» дейді әке.

«Мен дүкенге барып, тағы алкогольды ішімдік сатып алдым. Сол күні балаларды жалғыз өзім қарап қалған едім. Ішімдікті көп ішіп, есімнен адастым. Кейін екі баланы қылқындырып өлтірдім», - деді  Эмиль ГИЛЬМУТДИНОВ.

Орын алған қайғылы жайтқа қатысты Алла Волченконың өз айтары бар. Оның сөзінше, бірінші баланы босанғанда Эмиль оны керексіз етіп тастап кетіпті. Тек 2 айдан соң есі кіріп, қайта оралған. Отағасы жұбайының екінші рет жүкті екендігін естігенде де мүлде қуанбапты. Ата-ана егіздерді тумастан жатып,  құтылудың қамын ойлаған. Тек кейін анадан жалғызбын деген келіншек үлкен жанұя болғанын қалап, баланы алғызбапты. Негізі келіншек барлық бәлені енесінен көреді. Өйткені, жас отбасының құрылғанына Эмильдың анасы әу баста қуанбаған. Әр кез келінін жекіп, ұлына үш бала сенен тумады деп сөзге келе берген көрінеді. Бұл сұмдық әрекетке күйеуім Өзбекстанға азаматтықты ұзартуға барып, шешесімен ұрысып келген соң барды, дейді Алла Волченко. Олар ұлы екеуі үйді өзара бөлісе алмай жүрген екен.

«Депозитке ақша жиып, балаларды кейін түрлі үйірмелерге беруді армандайтынбыз. Әр тиынды үнемдедік. Бір кездері жүгімізді жиып, Ташкентте тұрмақ болдық. Бірақ енем тұрғызбады», - деді Алла ВОЛЧЕНКО.

Әкесінің қолынан қайтыс болған егіз ұлдарын 7 қыркүйек күні келіншек іздемеген. Өйткені, арам су ұрттап алған ол үлкен ұлы Равильды алып үйге түннің бір уағында әрең жеткен. Хәл сұрасуға жағдайы болмаған Алла Волченко бірден ұйқыға жатыпты. Сұмдық жайтты тек кейін білгенін айтады. Кейін үш баланың әкесі үлкен ұлдарынан да құтылмақ болған.

«Екі ұлды балалар үйіне өткізіп жібердім, деді. Мен оған сенбедім. Жылай бердім. Ол мені ішкізіп, бәрін ұмыттырғысы келді. Газды қосып тұншығып өлеміз дегенімізден ештеңе шықпады. Кейін полиция анықтасын дедім», - деді Алла ВОЛЧЕНКО.

«Екі күдікті өлі денелерді алдын ала әкелген спорттық сөмкеге салып, Бекмаханов көшесіндегі жер үйдің кіреберісіне жасырған. Балалардың денесі пәтерде саси бастаған соң, Гильмутдинов пен Волченко өлік бар сөмкелерді алып кетуді көздейді. Кезекті рет жалдамалы пәтерге кеткен кезде Гильмутдинов өз туған балаларының денелерін тоңазытқыштың ішіне салған», - деді Мемлекеттік айыптаушы Расул ЕРДӘУЛЕТОВ.

Ата-ана азаматтық некеде тұрған. Әкесі Эмиль Гильмутдинов ішімдікті жиі ұрттап, құмар ойындар ойнаған. Ал анасы бұрын ұялы телефон ұрлығына қатысы бар болып шықты. Мемлекет айыптаушының ақпарына сәйкес, ата-ана адам жағасын ұстатқан қылмысты алдын ала келісіп, бірігіп жасаған. Олар енді 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы