Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

«Өрлеу» хореографиялық байқауы мәресіне жетіп, үздіктер марапатталды

Алматыда алыс-жақын шет елдің кіл мықты бишілері анықталды. Қазір ғана халықаралық «Өрлеу» хореографиялық байқауы мәресіне жетіп, жеңіс тұғырына шыққан ең үздіктері марапатталды. Әлемнің әр түкпірінен келген мың бұралған жас бишілердің биылғы сайысы қалай өтті? Көш бастаған кімдер екенін бізге сол байқауда жүрген әріптесім Айдана Мейрамбайқызы айтып беруге дайын тұр.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент қоры мен Селезнев атындағы хореография училищесінің ұйымдастыруымен 2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бишілер байқауы биыл осымен алтыншы рет ұйымдастырылды. 2 жылда бір рет өткізілсе де, жылдан-жылға ауқымын кеңге жайған балет бәйгесіне биыл Қазақстаннан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғыз республикасынан бас-аяғы 147 биші қатысты. Өнерпаздар 3 номинация бойынша бақ сынады. Қатысушылар «классикалық», «заманауи» және «халық билері» бойынша сайысқа түсті. Бишілерге көпті дарынымен тамсандырған балет майталмандары мен хореографиялық білім берудің көрнекі қайраткерлері қазылық етті. Олар марапаттау рәсімі басталмас бұрын баспасөз конференциясын өткізіп, биылғы байқаудың ерекшеліктерін атап өктен еді.

«147 баланың ішінен ең мықтысын таңдау бізге қиынға түсті. Өйткені, қатысушылар бірінен-бірі асқан дарынды. Барлығын бөліп-жармай жеңімпаз еткіміз келді. Бірақ байқаудың аты байқау. Біз биді орындау теxникасынан бөлек, образдың ашылуына, әртістік қабілетіне, саxнада өзін ұстауына мән бердік», - деді қазылар алқасы Юрий ВАСЮЧЕНКО (Ресей).

Байқауға қатысушылардың ең кішісі 7-де болса, үлкені 16-да. Жалпы бишілер жас ерекшеліктеріне қарай кіші, орта және үлкен жастағы топ болып сайысты. Нәтижесінде, 147 бишінің ішінен, 63-і лауреат атанды. Оларға мақтау қағаздары берілді. Ал бірінші орын алғандарға 65 мың, екінші орын иесіне 50 мың және үшінші орынға 30 мың теңге табысталды.

«Мен 2014 жылы осы «Өрлеу» байқауына қатысып, екінші орын иегері болғанмын. Осы жылы да екінші орын иегері атандым. Бұл байқау саxнада өз-өзіңе берік болуға, қорқынышпен күресуге көмектеседі. Алдағы уақытта ешқандай қорқыныш болмай, саxнада өз-өзіңді ұстауға бейімдейміз», - деді байқаудың екінші орын иегері Дамиля ШЫРАЛЫ.

Жалпы бұл байқаудың мақсаты - бишілердің орындаушылық шеберлігін және рухани әлеуетін арттыру. Ерекше дарындарды анықтап қана қоймай, мәдени-шығармашылық байланыстарын нығайту. Айта кетсек, бүгінгі байқау жас балет әртістерінің ең үздік нөмірлерінен құралған гала-концертпен аяқталады.


Келесі жаңалық