Павлодар облысында алты айда әйелдерге қарсы 2000-нан астам қылмыс жасалған

Павлодар облысында 2018 жылдың алты айы ішінде әйелдерге қарсы 2050 қылмыс жасалды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы облыстық сотта полицейлердің қатысуымен «Отбасындағы гендерлік теңдікке қол жеткізу. Отбасын нығайту және отбасындағы тәрбиенің рөлін көтеру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел кезінде мәлім болды.

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, қылмыстылықтың алдын алу мақсатында әкімшілік жауапкершілікке ҚР ӘҚжК 73-бабы бойынша тұрмыстық саладағы іс-қимылға қарсы әрекеттер жасағаны үшін 1323 құқықбұзушы және 461-бабы бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 257 адам жауапкершілікке тартылған.

Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің атынан ювеналдық бөлім бастығы, полиция подполковнигі Бибігүл Қамзина және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Айгүл Ысқақова қатысты.

«Міндетті шаралармен қатар, отбасы беделін арттыруға ықпал ететін, некеде болу және отбасы құндылықтарын насихаттайтын әртүрлі іс-шараларды неғұрлым көп жүргізу қажет. Белсенді өмірлік ұстанымын құрметтеу – өзін тұлға ретінде құрметтеуге негізделген әрі қоғамда дұрыс қалыптасуына септігін тигізетін маңызды фактор. Мұндай отбасыларға психологиялық көмек көрсетуде түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет», - деді Айгүл Ысқақова.