Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Кәсіпкерлер Алматыдағы ескі үйлерді жаңартпақ

Кәсіпкерлер Алматыдағы ескі үйлерді жаңартпақ. Олар Алмалы ауданындағы 30-шы жылдары тұрғызылып, әбден тозығы жеткен 8 пәтерді сатып алып, оның орнына көпқабатты жайлы үй салмақ. Жаңа құрылыс нысандары Гоголь мен Наурызбай, Төле би мен Әуезов және Жамбыл мен Байзақов көшелерінің қиылысында бой көтереді. Инвесторлар қазірдің өзінде рұқсат құжаттарын қолдарына алып, 2 жылдың ішінде су жаңа баспаналарды пайдалануға беруді жоспарлап қойған.

«Бізде қазір инвесторлар бар. Төле би Әуезовада жұмыстар басталды. Ол жердегі 4 үйдің қожайындарымен келісіп, 1 пәтер қалды. Сонымен келіссе, ары қарай жаңа үйлер, офистер салынатын болады. Алматының әдемі, көрікті жерлерінің бірі болады. Тура сондай жұмыс Наурызбай батыр Гоголь көшелерінің қиылысында, Байзақов кешелерінде инвесторлар жұмыс жасайды», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Жасұлан ЕСТЕНОВ.

Жалпы Алмалы ауданында 11 айдағы салық түсімі 306,7 млрд теңгеге жуықтаса, негізгі капиталдағы инвестициялар көлемі 70,4 млрд теңгені құраған. Биылғы жылғы орташа айлық жалақы былтырғыдан 8 пайызға жоғарылаған. «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша 16 кәсіпкер жалпы сомасы 868 млн теңгені құрайтын жеңілдік несие алды. Сонымен қатар, жылдың аяғына дейін ауданда 3 үлкен әкімшілік орталық ашылмақ. Көлемі 200 мың шаршы метрден асып жығылатын «Абылайхан Плаза», «Жібек жолы» және «Қайсар Плаза» зәулім ғимараттарын салу нәтижесінде 2 мыңнан астам адам жұмыс орнымен қамтылмақ.