|
12.02.2018 | 21:15
1611

Ресейде ұшақ апатынан қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ

Ресейдегі ұшақ апатынан қаза тапқандардың қатарында бір қазақ болған. Ол 33 жастағы Тамерлан Ақназаров. Орск қаласының тұрғыны көппен бірге Домодедова әуежайынан ұшып шыққан. Алайда, діттеген жеріне жете алмай, ажал құшты. Кеше кешке болған жантүршігерлік әуе апатында 71 адам қайтыс болған еді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі олардың арасында отандастарымыздың жоқ екенін мәлімдеді. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев қайғылы қазаға ұшыраған марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

Мәскеу маңындағы Семеновское ауылының жазық даласында іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Кеше кешке мұнда Домодедово әуежайынан ұшып шыққан Мәскеу-Орск бағытындағы Ан-148 ұшағы құлап, апат болды. Қатты жарылыстан борттағы 65 жолаушы мен алты экипаж мүшесі түгелдей қаза тапты.

«Өкінішке орай, борттағылардың бәрі қаза болды. Денсаулық сақтау министрлігі қайтыс болғандардың отбасы мен достарына, туыстарына қайғырып көңіл айтады. Қазіргі кезде олармен Орынбордан келген психологтар жұмыс істеуде», - деді РФ Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Сергей КРАЕВОЙ.

Ан-148 лайнері Домодедоводан әуеге көтерілген бойда радардан жоғалып, арада бірнеше минут өткеннен кейін құлаған. Ұшақ Мәскеуден бір жарым мың шақырым жердегі Орынбор облысының Орск қаласына жол тартқан екен.

«Ұшақтың ұшу радиусы кем дегенде бір шақырым. Қазір тергеу тобы соңғы үлгідегі техниканы қолдана отырып, сараптама жүргізуде. Ауадан тексеру үшін квадракоптер қолданылуда», - деді Ресейдің тергеу комитетінің өкілі Светлана ПЕТРЕНКО.

Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғап, апаттың себебі анықталып жатыр. Әзірге белгілісі, экипаж мүшелері дабыл тетігін баспаған. Өйткені, әуе кемесі ұшқан бойда радардан жоғалған. Ал мәліметтерге қарағанда, жарылған Ан-148  2010 жылы құрастырылған жаңа ұшақ болыпты.

«Тергеушілер ұшақ апатының барлық ықтимал нұсқаларын тексереді. Соның ішінде: ауа райы жағдайы, адам факторы, әуе кемесінің техникалық жай-күйі және басқа да нұсқалар жіті назарда болады», - деді Ресейдің тергеу комитетінің өкілі Светлана ПЕТРЕНКО.

Қазір құлаған ұшақтың бөлшектері әлі жиналып жатыр. Тергеу комитеті Ан-148-дің қара жәшігін сараптамаға жіберген. Ал марқұмдардың мәйітін тану ДНК арқылы жүргізіледі және бұл жұмыс бірнеше айға созылуы мүмкін.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
Прямой эфир