|
08.06.2018 | 12:41
1989

Рухани жаңғыру: «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы еліміздегі кітаптардың электрондық нұсқасын жасауға ниетті

ruh.kz Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «100 жаңа есім» жобасы аясында еліміздің әр саласындағы үздік мамандар мен ғалымдар, өнер иелері мен спорт майталмандары және білікті кәсіпкерлер анықталып, олардың еңбек жолдары көпке үлгі етілген болатын. Әрине, бұл жобаның негізгі мақсаты – қазақстандық азаматтардың ерен еңбегін бағалай отырып, шығырмашылық шабыт сыйлау, әртүрлі материалдық һәм моральдық қолдау көрсету. Әрі осындай жобалар – өскелең ұрпақты білімге бейім, спортқа жақын, өнерге құштар, кәсіпке икемді етіп тәрбиелеудің таптырмас үлгісі деуге толық негіз бар.

Ал, біздің осы мақалада сөз еткелі отырған отандасымыз, жоғарыда айтып өткендей, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхананы әзірлеуге қатысқан еліміздің ең үздік IT мамандарының бірі, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының ақпараттық ресурстар бойынша жетекшісінің орынбасары, ақпараттық жүйелер бойынша маркетолог – Нұржан Нұрланұлы Жолдыбалинов. Бұл азаматымыздың қазақстандық білім мен ғылымының дамуына тың серпін беретін әрекеті ретінде еліміздегі барлық кітаптардың электрондық нұсқасын жасауға ниет білдіріп, осындай игілікті іске бастамашы болғанын айтсақ болады.

10 жылдан бері кітапхана саласындағы талмай еңбек етіп келе жатқан IT саласының білікті маманы, елімізде қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» жобасы негізінде электронды оқулықтарды дамыту заман талабы дейді. Яғни оқырмандар үшін кез келген оқулық қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан да Нұржан Жолдыбалинов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқырмандардың білім деңгейін дамыту мақсатында кітапхана саласында бірнеше жобаны жүзеге асырмақ.

Мәселен, 14 жылдық тарихы бар Ұлттық академиялық кітапхана қорында бүгінде шамамен 2 млн-дай кітап бары белгілі. Ондағы электронды кітаптар саны 40 мыңнан асады. Ендігі кезекте 2020 жылға дейін еліміздегі барлық кітаптардың электрондық нұсқасын дайындау көзделіп отыр.

Бүгінгі таңдағы техника мен ақпараттық жүйе қарыштап дамыған кезеңде электронды кітаптарға деген сұраныс айтарлықтай артып отырғаны заңды құбылыс. Соның бір көрінісі ретінде алдағы уақытта мектеп оқулықтарын электрондастыру жұмыстары да  жоспарлануда.

Осы мәселер турасында ҚР Ұлттық академиялық кітапхана бас директорының міндетін атқарушы Нұржан Жолдыбалинов өз ойын ортаға салып:

– Қазіргі заманауи технология дамып келе жатқан кезде электронды кітаптар қағаз кітапқа көмекші ретінде келді. Өйткені бір кітап қана қалса, сол дананы біз электронды түрде көбейте аламыз. Сонда біз бір оқырманға ғана емес, кітапты миллиондаған оқырманға ұсынуға мүмкіндік аламыз. Қазір Ұлттық академиялық кітапханада әртүрлі бағыттағы 15-ке жуық арнайы зал бар. Олар бір мезгілде 500-ден астам оқырманды қабылдай алады, – деп пікір білдірді.  

Ал, Ұлттық академиялық кітапханасының кітапханашы Арай Қаділбектің айтуынша, кітапханаға келетін оқырмандар саны мен олардың сұранысына қарап отырып, кітаптар қазіргі кезде жоғары сұранысқа ие деп ауыз толтырып айта аламыз. Сонымен қатар, қазіргі таңда кітапханаға келуші оқырмандар саны да күн санап артып келеді екен. Ал олардың қажеттілігін толық қамтамасыз ету мен кез келген жерде кітапхана қорындағы кітаптардан еркін пайдалану үшін де заманауи жаңа әдістер қажет-ақ. Соның бір көрініс ретінде Нұржан Жолдыбалиновтың бастамасын айтсақ болады.

Тағы да айта кететін жайт, алдағы уақытта кітапхана қызметкерлері оқырмандар үшін бірегей оқырман билетін жасауға ниеттеніп отыр. Осы құжат арқылы еліміздегі кез келген кітапхана қорымен танысып, жұмыс істеуге болады. Билетке әр азаматтың жеке куәлігіндегі нөмірі жазылады. Осылайша қай елді мекенде болсаңыз да сол аймақтың кітапханасына еш кедергісіз кіріп, қажетті кітаптарды еркін қолдана аласыз.    




Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир