Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Алматыда Вознесенск шіркеуі бұрынғы қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Алматыда Вознесенск кафедралы шіркеуін жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамандар нысанның бірнеше техникалық құпияларымен де бөлісті. Мәселен, шіркеудің шатыры мыстан жасалып, күмбезі 1907-ші жылғы үлгісіне оралады. Ал ғимараттағы жазулармен ресейлік иконашылар айналысады екен. Айта кетейік, Вознесенк кафедралы шіркеуі «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасына кірген.

Кафедралы шіркеуді жаңарту жұмыстары өткен жылдың тамыз айында басталған болатын. Жыл көлемінде жүзге тарта жұмысшылар нысанның сыртқы және ішкі келбетімен айналысып жатыр. Дін қызметкерлерінің өздері құрылыстың басы-қасында жүр. Александр әкейдің айтуынша, шіркеуді бұрынғы қалпына келтіру - жаңғырту жұмыстарының басты ерекшелігі. Яғни 1907-ші жылы сәулетші Зенковтың жасаған жобасына сай.

«Тарихи мұрағаттардағы мәлемттерді ескере отырып, шіркеудің күмбезін дайындап қойдық. 1907-ші 1912-ші жылғы келбеті осындай болған. Бұған дейін шатыры мыстан жасалмаған еді. Темірден тұрғызылғанынан жаңбыр суы ағып, жөндеуді жиі қажет ететін. Ал мыстан жасалғаны ғасырға жуық қызмет етеді»,-деді протоиерей Александр СУВОРОВЖөндеу жұмыстары кезінде қызық жайттар белгілі болыпты. Күмбез зонтик принципі бойынша жасалған екен. Яғни, ішкі жағы арнайы сымдардан құралған. Төбедегі аспалы шамның өз осі бар. Соның арқасында ол жер сілкінісіне төтеп бере алады дейді құрылысшылар.  Ғимараттағы бағаналар да ауада асылып тұрған секілді. Құрылысшылар мұны сәулетші Андрей Зенковтың ойлап тапқаны дейді.

«Бұлар барынша ашық орналасқандықтан шірімейді. Мына кесілген ағашқа 100 жылдан астам уақыт болса да, кеше ғана кесілгендей әсер қалдырады. 1911-ші жылғы заттарды алып қарасыңыз, жер сілкінісі кезінде шіркеу шайқалғанымен аман қалған. Қаладағы ең биік ғимарат еш бүлінбеген»,-деді протоиерей Александр СУВОРОВ

Жаңа еден жобасы да қарастырылып жатыр. Бірақ ескі тақтайшалар кейбір жерлерде қалдырылады екен. Күніне жүздеген адамды жинаған шіркеуге деген қызығушылық әлі басылар емес. Оның үстіне ғимарат Қазақстанның киелі орындар картасына енгізілді. Әзірге құрылыс жұмыстарының қашан аяқталары белгісіз. Бұл орында күрделі жөндеу соңғы рет 1971-ші жылы жүргізіліп, екі жылға созылған еді.

Азамат Әуезхан, Рашид Шукуралиев, «Алматы» телеарнасы.