|
07.09.2018 | 19:50
1755

Теңге бағамы тауар бағасына айтарлықтай әсер етпейді – министр

Валюта бағамы азық-түлік бағасына айтарлықтай ықпал етпейді. Елдің бас экономисі Тимур Сүлейменов осылай дейді. Министр қаржы әлеміндегі жайттар Қазақстан халқының қалтасына қаншалықты әсер ететінін айтып, Ресейге қарсы салынған санкциялардың елімізге тигізер салқыны туралы сауалға жауап берді.  Экономикамыз халықаралық деңгейде қауқарлы болу үшін Экономика министрлігі жеті жүйелі өзгеріс жоспарын енгізбекші екен.

Айырбастау бөлімдеріндегі валюта бағамының құбылуы кімді болса да алаңдатпай қоймады. Халықты мазалаған сұраққа бүгін экономика министрі Тимур Сүлейменов жауап қатты. Оның сөзінше, теңгенің әлсіреуі азық-түлік себетіне сәл ғана әсер етеді екен.

«Теңге бағамы мен құнсызданудың арасында байланыс сәл де болса бар. Өйткені, азық-түлік себетіндегі 80 пайыз тауарды өзімізде шығарамыз. Дегенмен, өңірлерде жағдай әртүрлі. Мысалы, кей аймақтар тауарды Ресейден, Өзбекстаннан сатып алады. Сондықтан бағада өзгерістер болуы қалыпты жағдай. Әйтсе де, теңгенің долларға шаққандағы бағамы 10-20 пайызға өзгерсе, бұл тауардың да бағасы дәл сол мөлшерде қымбаттайды дегенді білдірмейді», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Министр экономикалық өзгерістерді Қазақстанның сауда-саттықтағы ірі серіктесі – Ресейге қатысты батыс елдері тарапынан жарияланған санкциялармен байланыстырды. Алайда, санкция салқыны «өңменнен өтсе», Қазақстан өз экономикасын сақтау әрекетіне көшеді деді министр, яғни нақты жоспардың барын мәлімдеді. Дегенмен, оның қыр-сырын жариялаған жоқ. Құжат келер аптада Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте қаралмақ. Экономика министрі инфляция деңгейі туралы да түсініктеме берді. Жыл қорытындысы бойынша инфляция көрсеткіші жоспарлы межеден асуы мүмкін екенін бұған дейін Ұлттық банк төрағасы да айтқан.    

«Есебіміз бойынша, жыл соңына дейін инфляция біз қалаған дәлізден шамалы жоғары болады. Бізде дәліз – 5-7 пайыз. Сегіз айдың қорытындысы бойынша қазіргі дәліз 6% болса, жыл соңына дейін осылай аяқтамауды жоспарлаған едік. Бірақ теңгенің құлдырауы салдарынан 6,7-6,8% болуы мүмкін. Дегенмен, 5-7 пайыздық дәлізден шықпаймыз», - деді министр.

Сүлейменов сұрақтарын жаудырған журналистерді толық ақпарат алу үшін Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевқа сілтеді. Бірақ министр сауалдардың бірінен аттап кете алмады. Көрші елге қарсы санкциялар неге біздің жолымызды байлап отыр деген сұраққа ол өз бетінше жауап берді.

«Ресейге қарсы санкциялардың жеке экономикамызға қатысы жоғын үнемі айтамыз. Иә, көрші елмен арада орасан экономикалық байланысымыз болғандықтан, экономикамызға әсер етеді. Валюта бағамына келер болсақ, кейбіреулер теңге бағамынан ұтып, кейбіреулер ұтылып жатыр. Сол себепті жалпы әсері бейтарап», – деді Тимур Сүлейменов.

Тимур Сүлейменов Қазақстанда сыртқы әсерлерге төтеп беретін, қауқарлы экономика қалыптастыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Жаңа жоспар – «7х7» деп аталады және 2025 жылға дейін жүзеге асады. Соған сай, экономикаға жеті жүйелі өзгеріс енгізілмек. Атап айтқанда, заманға сай мамандар даярлау, экономикаға цифрлы реформа жүргізу, бәсекеге қабілетті бизнеске жол беру, өңілерді мықты, ал қалаларды  қауқарлы ету, қоғамдық сананы жаңғыртып, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлін арттыру мақсаты тұр. Ал түпкі мақсат – тура жолдан таймай, дамыған 30 ел санатына қосылу.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp

В СТАТЬЕ

тауар
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир