Төтенше жағдай комитеті шұғыл ескертпе жасады

Елімізде ауа райы шәлкез мінез танытады. Төтенше жағдай комитетінің қызметкерлері қар боратқан күні алыс жолға шықпауды ескертіп отыр. Жақын күндері солтүстік аймақта күн күрт суытпақ. Долы дауыл тұрып, бұрқасын болады. Күн райын болжаушылар осыған дейін де елімізде атмосфералық циклонның ауысатынын ескерткен еді.
«Дауылды алдын-ала ескерту бүгінгі таңда келіп түскен. Арнайы қызметтерден бүгінгі күні, ертеңгі күні ауа райы өзгереді деген мәлімет бар. Осы ауа райы өзгерген кезде азаматтарға айтатын өтінішіміз, алыс сапарға шықпау керек»,-деді ҚР ІІМ төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің ресми өкілі,  Руслан ИМАНҚҰЛОВ.
Төтеншеліктер суықта дірдек қаққан тұрғындар газды шамадан тыс қолданып, жапа шегетінін айтады. Жылыту маусымы басталғалы бері елімізде 28 адам көгілдір отыннан уланып, қайтыс болған екен. Оның біреуі кішкентай бала. Ал, 200-ге жуық адам дер кезінде көрсетілген жәрдемнің арқасында аман қалған. Жалпы, газдан уланғандардың дені Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облысының тұрғындары.