|
05.05.2018 | 15:15
1959

Туа бітті сал ауруына шалдыққан 8 жасар Камилла көмекке мұқтаж

Алматыда туа бітті сал ауруына шалдыққан 8 жасар Камилла көмекке мұқтаж. Науқас қызға осыдан екі жыл бұрын ота жасалған еді. Алайда, дәрігерлердің дәрменсіздігінен соң жеткіншек комаға түсіп, клиникалық өлім жағдайында ұзақ жатыпты. Әзер дегенде беті бері қараған қыздың аяғына тік тұруы екіталай. Дегенмен, Камилланың қазіргі ауыр жағдайын сәл де болса жеңілдету үшін шетелде оңалту қажет. Ол үшін 1 жарым миллион теңгедей ақша жинау керек. Ал кемтар қызына, тіпті, бесік арба әперуге шамасы келмей отырған анасының мұндай қаражаты жоқ.

Церебральды сал ауруына шалдығып, туғанынан төсек тартқан Камилланың қазіргі күйі осы. Ауыр дертке шалдыққан қызға екі жыл бұрын ресейлік дәрігерлер Алматыда ота жасаған. Бірақ ота сәтсіз шығып, науқастың жағдайы одан бетер нашарлапты. Кесірінен, қазір Камилла зонд арқылы тамақ ішіп, арнайы құрылғының көмегімен тыныстайды. Оның өзінің құны қымбат.

Кемтар қызын аяқтан тік тұрғызсам деп арман еткен Камилланың анасы Алматыға былтыр Атыраудан қоныс аударған. Бар мақсаты - қызына сапалы ем көрсетіп, жағдайын жақсарту еді. Алайда, мүгедек баланы тіркеуге алған емхананың дәрігерлері үйімізге бас сұқпайды, дейді келіншек. Салдарынан, Камилланың тамағына тыныстайтын құрылғына ауыстырып салу үшін де жекеменшік емхананың дәрігерін шақырып, қосымша шығындалуға мәжбүр. Осылайша, науқас қыздың ай сайынғы ем-домы мен гигиеналық құралдарын алу үшін 100 мың теңгедей қаражат кетеді екен.

«Баламен осыдан 1 жыл бұрын көшіп келдік Атырау қаласынан. №6 қалалық емханаға тіркелдік. Бас дәрігерінен бастап барлығы біледі баланың жағдайын, дұрыстап қарамайды балаға. Дәрігер бірде келсе, бірде келмейді. Оны да кешірдік. Енді ИПР деген баланың қағазын шығарта алмай отырмыз. Осы Алматы қаласында олар шығарып беру керек бізге», - деді Камилланың анасы Ләззат ҚАСЫМОВА.

Мүгедектерді оңалту бағдарламасы бойынша ауыр дертке шалдыққандарға міндетті гигиеналық құралдар беріледі. Жылына 730 тал жөргек пен 365 жаялық қарастырылған. Сондай-ақ бөлмеге және серуендеуге арналған бесік арбалар берілуі тиіс. Осының барлығынан қол үзген Камилланың анасының мүгедектерді оңалту бағдарламасы бойынша қызына тиесілі жәрдем сұрап, хат жазбаған жері қалмапты. Алайда, нәтиже жоқ. Салдарынан кемтар баласын, тіпті, бір уақытқа да далаға шығара алмай отыр.

«Ильяс Камилланың бүгінгі күнге біздің әлеуметтік саладан ешқандай көмек ала алмай отырған себебі, бұл қызда Алматы қаласында тұрақты тіркеуі жоқтығынан. Біздегі барлық әлеуметтік көмектер, мүгедектерді оңалту бағдарламасы бойынша берілетін көмектердің барлығы, өтініш берушінің тұрақты есепте болуына байланысты және тұрақты осы Алматы қаласында тұруы қажет», - деді Алматы қаласы Әуезов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Зәуре ӘБІЛДАЕВА.

Төрт баласын жалғыз жәрдемақымен асырап, пәтер жағалап жүрген келіншектің әзірге Алматыда тұрақты тіркеуге тұруға мұршасы жоқ. Ауыр сырқатқа душар болған қызының қазіргі жағдайы жанына батқан анасы Камилланы Челябинскіде оңалту үшін қаражат жинамақ. Ем қабылдау кемі 1,5 миллион теңге болады екен. Сондықтан қайырымды жұрт қолғабыс етсе дейді.


Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир