Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

2018 жылы электронды ПИК порталы іске қосылмақ

Үкімет отырысында сөз болған «Ақылды қалалар» жобасының бірнешеуі Алматыда қолға алынған. Солардың бірі, электронды пик. Жаңа жылдан бастап қанатқақты жоба ретінде енгізіледі. Нәтижелі болса, тұрғындардың игілігіне жұмыс істейді. Бұл пәтер иелері кооперативтері мен алматылықтардың арасындағы қарым-қатынасты, жұмсалған қаражаттың ашықтығын қамтамасыз етпек.

Бұл жиырма жылдан бері тұрғындарға қызмет етіп келе жатқан «Орбита-1» пәтер иелері кооперативінің күнделікті жұмысы. Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған тың бастама туралы олар хабардар. Өйткені құжаттамалардың барлығын бірнеше жылдан бері электронды түрде жүргізіп келеді екен. Тек, жобаны жүзеге асыру барысында біршама мәселелер туындай ма деген күдіктері де жоқ емес.

«Бір жағынан сандық форматқа ауысып, заманға сай өзгерістің енгізіліп жатқаны өте дұрыс. Бірақ біз қызмет көрсететін тұрғын үйлердің көбінде  егде жастағы азаматтар тұрады. Оның үстіне барлығында бірдей ғаламторға кіретін мүмкіндіктері жоқ. Ал өзімізге келсек, біз бірнеше жылдың көлемінде құжаттарды электронды форматта жүргізіп келеміз. Жаңа бастаманы орындауға дайынбыз десек те болады», - деді «Орбита-1» ПИК төрайымы Галина ПОТЕШКИНА.

Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде аналогы жоқ бұл бастаманы тұрғындардың өздері қолдап отыр. Өйткені осы уақытқа дейін пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы ашық болмайтын.

«Меніңше бұл өте қолайлы болар еді. Тұрғын үйдің жай-күйіне алаңдаған әр адам оның жағдайымен таныса алады. Құбырды алмастырып, дәлізді жөндеу сияқты ұсыныс тастасақ, сұранысымыз аяқсыз қалмайды деп сенемін», - деді Анжела КУВШИННИКОВА.

Жаңа жылдан бастап енгізілетін электронды ПИК алты ай көлемінде пилоттық жоба ретінде жұмыс істейді. Нәтижелі болса жауаптылар тіпті тұрғын үй туралы заңға да кіргізбекші.

«Электронды қызметті кез келген тұрғын ала алады. Пәтер иелері кооперативінің жұмысына баға беріліп, ұнамаса қайта сайлау мүмкіндігі де беріледі. Осы арқылы қызмет көрсету сапасы жақсарады. Әрбір ПИК-тің, тұрғын үй иесінің жеке кабинеті арқылы бірнеше қызметтер көрсетіледі. Тіпті онлайн жиналыс өткізуге болады. Болашақ жоба нәтижесін беріп жатса, мобильді қосымша етіп жасау да жоспарда бар», - деді Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Гауһар ӘБІШЕВА.

Қазір Алматы қаласы бойынша 824 ПИК алматылықтарға қызмет көрсетеді. Олардың электронды форматқа өтуі «Ақылды қала» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Бұл тұрғындардың қолайлылығы үшін жасалып жатқан еліміздегі алғашқы жоба.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы