Денсаулық сақтау министрі дәріханалардағы үстеме бағалар туралы айтты

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан аумағындағы дәріханалардағы бағаның айырмашылығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы және Астана қалаларындағы бөлшек саудада, дәріханаларда бағаларды анықтау барысында бір дәрінің құнындағы айырмашылығы қала ішінде 100 пайыздан астам болуы мүмкін екенін байқалды. Мысалы, «Кеторол» препаратының ең төменгі бағасы 230 теңге болса, ал ең жоғары баға 500 теңгеге дейін жетті», - деп нақтылады Біртанов.

Оның айтуынша, үстеме баға бүгінгі таңда көтерме буында дәрілік заттардың құнына қарай 7-ден 50 пайызға дейін, ал бөлшек сауда сегментінде 30 пайыздан бастап кейбір препараттарға 300 пайызға дейін артады.

«Бұндай жағдайға маусымдық қажеттілік пен жоғары сұраныстың болуы әсер етеді. Бүгінде елімізде тек тегін берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың құны шекті жоғары бағаның белгіленумен реттеледі. Енді барлық дәрілік заттардың шекті құнын белгілеу арқылы халыққа дәрі-дәрмек қолжетімділігі мәселесін шешу көзделген. Көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағалар Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітіледі», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, дәрілік заттардың бағалары туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін мобильдік қосымша әзірленіп жатыр.

Атап айтқанда, бүгінгі жалпы отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Талқылаудан кейін Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.