Алматыда қала күні қарсаңында тағы бір саябақ ашылады

Алматының туған күні қарсаңында тағы бір заманауи саябақ ашылады. Енді Абай даңғылы бойындағы арықтар кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер қыдыратын мекенге айналмақ.

Мамандар бұл көшедегі суағарлардың алғашқы негізі 1880-ші жылдары қаланған деп топшылайды. Қасында алып диірмен болғанға ұқсайды. Ал 1960-шы жылдары арықтар қайта тарылыпты. Тарихи нысан саналатын мекенжай жақында адам танымастай түрленеді. Бұдан былай дүйім жұрт таудан аққан судың жағасында салқындап, қыдыратын болады. Достық даңғылынан бастап Есентай өзеніне дейін асфальт алынып тасталмақ. Тақтайдай  тегіс жер тек веложолақтарға ғана қалдырылады. Маңайда көптеген жасыл-желек отырғызылады. Сондай-ақ, көптеген көше шамдары да орнатылмақ.

«Суға түсуге болады енді. Негізінде, судың қасында ешкім отыра бермейді. Бірақ тауға жұрт көп барады, судың жағасында отырады. Қаламыздың ішінде су деген қымбат байлығымыз бар. Қаланың қасында тағы бір парк жасаймыз. Енді Абай көшесінде қыдыратын жеріміз, яғни саябағымыз болады. Кезінде Панфилов көшесін солай жасағанбыз. Қазір Абай көшесін сол Панфилов көшесі сияқты етіп жасамақпыз», – деді Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.

Бауыржан Байбек қаланың тарихи орталығын қалыпқа келтіру жұмыстарын да тексеріп шықты. Айта кетсек, Абай, Абылай хан, Назарбаев даңғылдары мен Абай алаңының учаскелерінде инженерлік желілерді ауыстыру көзделген. Қазір тас төсеу, суару жүйесін орнату, нысанның қасбетін жаңарту жұмыстары қарқынды  жүргізілуде. Бұл аумақта жаяу жүргінші жолдары төселіп, жасыл желек егіледі және жаңа  субұрқақтар салынады.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы