|
27.12.2017 | 15:54
1303

Қазақстанда коммуналдық мекемелердің қарызы 6 млрд теңгеден асты

Еліміздің біршама коммуналдық мекемелерінің қарызы алты миллиард теңгеден асқан. Жылыту маусымында түрлі мәселе туындамас үшін берешек уақытылы өтелуі қажет. Бұл туралы үкімет жиынында айтылды. Министрлер мен өңір әкімдерінің басын қосқан Бақытжан Сағынтаев мереке қарсаңында ешкім өз баспанасында жылусыз отырмауы тиіс екенін ескертті. Әрі, қала әкімдеріне осы мәселені жіті бақылауға алуды тапсырды.

Премьер-министр алдында есеп берген шенді бүгін аз болмады. Барлығы қаз-қатар кемші тұстары мен түйіткілдерге тереңірек тоқталды. Оның ішінде өзекті болғаны жылыту маусымы. Себебі, жаңа жылда қара халық суықта дірдектемеуі тиіс. Бұл мәселені Бақытжан Сағынтаев өңір әкімдеріне ерекше табыстады.

«Құрметті әріптестер аса аяз жоқ. Дегенмен де осы жылу беру маусымын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын. Алдағы уақытта мерекелік күндер келе жатыр. Осы аралықта жылу беру, электр энергиясын қамтамасыз ету жұмыстарын құрметті әкімдер мейлінше назарларыңызда ұстауды сұраймын», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Белгілі болғандай қыркүйек айында кей аймақ толыққанды жылыту кезеңіне дайын болмаған еді. Демек, ол тұста көш басын  Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар мен Оңтүстік Қазақстан облысы бастаған болатын. Түйіткілдердің басты себебін Энергетика Министрі Қанат Бозымбаев тарқатты. Әрі, осы жағдайға себепкер борышы бар компаниялардың тізімін атады. Айтуынша, «Қаз ТрансГаз Аймақ» компаниясына жергілікті коммуналдық мекемелер 6 млрд астам қарызға батқан. Ол берешек өтелмесе, жылудан айыруыда ықтимал.

«Қарыздары бар компаниялар бар. Ол «Казатомпром» - 3 млрд 848 млн теңге, «Алматы Жылукоммуналдық мекемесі» - 1 миллиард теңге», «Ақтөбе Жылу электр стансасы» - 476 млн, «Жайық жылу электр стансасы» - 630 млн, «Тараз энерго орталығы»  178 млн теңге берешек», - деді ҚР энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Ал, Жеңіс Қасымбек өз кезегінде аймақтар бойынша, тұтынушылардың жылыту жүйесіне қатысты дебеторлық қарызына тоқталды. Борыш көлемі ағымдағы жылы 14 млрд теңгеден асса, соңғы айда ол сома 12,9 млрд теңгеге төмендепті. Сонымен қатар, коммуналдық мекемелерге жүргізілген тексеріске сәйкес,  сумен қамту және дренаждық жүйеге қатысты заңбұзушылықтар анықталған.  

«Талдамалық жұмыстарға көз жүгіртсек, көбіне түйіткілдер сумен қамтамасыз ету және су жүргізуге қатысты болып отыр. Өткен жылдың осы айында 100 -ге жуық заңбұзушылық тіркелген болатын. Биыл ондай жағдай 45. Демек, екі есеге азайған. Дегенмен, тіршілікке қажет жүйелерден ажыратылмас үшін, жергілікті әкімдіктер осы олқылықтарды түзету қажет», - деді ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Десе де, аталған олқылықтарға қарамастан халық жылусыз қалмауы қажет. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жылыту қоймалырында бүгіндері 4 миллион тоннадан астам көмір мен 111 мың тонна мазут қоры бар. Бұл өз кезегінде қажеттілікті өтеуі тиіс. Әрі, жылыту үздіксіз қамтамасыз етілуі үшін, тізімі айтылған аймақтар уақытылы берешектерін өтеуі тиіс баса айтылды.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, АТ Астанадан

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир