|
26.12.2017 | 21:17
1243

"Қазгидромет" өкілдері мереке қарсаңында ауа райының қандай болатынын айтты

Ерекше жылы ауа-райы қазақстанда әлі екі-үш күн сақталады. Ал жаңа жыл мерекесі күндері - аяз күшейеді. Бұл туралы Астанада «Қазгидромет» өкілдері мәлімдеді. Синоптиктер ел аумағында ауа температурасының көтеріліп, қарқынды қар жаууын - оңтүстік каспий циклонымен байланыстырды. Дегенмен, 28 желтоқсаннан бастап, сібір антициклонының әсерімен, нағыз қыспен қайта қауышамыз дейді метеоролог мамандар.

«28 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағындағы ауа райы тұрақталады. Оған Сібір антициклоны ықпалын тигізіп, ауа температурасы төмендейді. Республикамыздың батысында түнгі уақыттарда 10-15 кей жерлерде 20 градус, солтүстік аумақтарда 20-25 кей жерлерде 28, шығысында 20-25 кей жерлерде 30 градус аяз байқалса, оңтүстікте - 5-10 кей жерлерде 15-20 градусқа дейін төмендейді»,-деді «Қазгидромет» РМК ауа райының қысқа мерзімді болжамдар басқармасының басшысы, Ардақ ҚАЛМЕНОВА.

Ал төтенше жағдайлар жөніндегі комитет қолайсыз күні алыс жолға шықпауды ескертті. Күні кеше жауған жаңбырдың және көктайғақтың салдарынан Алматы - Екатеринбург тас жолындағы спасск кентінің аумағында көліктер кептелген. Сондай-ақ, Павлодар облысында бірнеше автобус жарты жолда қалған.

«Дәл қазір ол автобустардың бәрі жолға шықты. Тек Өскемен - Павлодар жолында хоккей клубының оқушылары келе жатқан автобус жолда қалған еді. Оқушылар қазіргі таңда колледжге орналастырылды. Жақын уақытта олар да жолға шығады. Халыққа айтарымыз: әсіресе ауа райы бұзылған күні жолға шығуды кейінге қалдырған дұрыс. Жүргізушілердің қауіпсіз қашықтық пен жылдамдықты ұстанғаны абзал. Сондай-ақ, далада және жолда абай болған жөн»,- деді ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі, Руслан ИМАНҚҰЛОВ.

Айта кетейік, ауа-райының қолайсыздығынан Астана-Қарағанды тас жолы жабылды. Сонымен қатар, Шідерті-Қарағанды облысының аумағы, Қалқаман-Қарағанды облысының аумағы, Ленинск-Ақсу-Курчатов, Павлодар - Успенка, Павлодар-Шарбақты жолдарының жабылғаны хабарланды. Ал, Астана- Павлодар жолы жабылмақ. Қазіргі таңда, халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда төтенше жағдайлар комитетінің 40 күре жолдық медициналық пунктері жабдықталған.

  

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир