|
15.05.2017 | 10:11
1053

Әбілязовтың сыбайластары БТА банкінен миллиард теңге алып кеткен

Әбілязовтың сыбайластары БТА банкінен өзге қаржы иниституттарының акциясын кепілге қоя отырып, миллиард теңге алып кеткен. Бұл туралы Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі аудан аралық мамандандырылған басты сот отырысы барысында БТА банктің өкілдері мәлімдеді. Зардап шегушілердің айтуынша, сыбайластар қомақты қаражатты алу үшін жаңадан компаниялар құрып отырған. Мәселен, 2005 жылы "Евразия Инвест" компаниясы ресми түрде тіркеліп, оған несие беру туралы шешім қабылданады. Бірақ, несие алу кепілдігіне Темірбанктің 934 мың 560 дана акциясы қойылған. Бұл банктің акциясы 4 миллиард  205 миллион теңгеге бағаланыпты. Алайда, берілген несие сол қалпы қайтарылмаған. Тек арада бес жыл өткен соң ғана  соттың шешімі арқылы "Евразия Инвест» компаниясынан ақшаны қайтарудың сәті түскен.

«Өтініш бойынша несие берілген соң, Ниязбеков  «Фриз»  ЖШС қатысты ғимаратты Қадырмановтан 254 миллион теңгеге сатып алады. Бұл келісім-шарттағы  көрсеткен бағадан төрт есе арзан болып шығады. Ал несиенің мақсатты түрде жұмсалмағанынан күдіктенген несиелеу департаментінінің басшылары кейін  899 миллион 500 мың теңгенің қайда кеткенін анықтайды. Ақша «Фриз» компаниясы арқылы Ниязбековтың жеке есеп-шотына жіберілгені белгілі болады.  Яғни бұл жерде де несие басқа мақсатпен алынған»,- деді Мемлекеттік айыптаушы, Еркін БАЙМАҒАМБЕТОВ.  

Сонымен қатар, "Forte Bank" Акционерлік қоғамына тиесілі 2 миллион 785 мың 600 дана акциясы да кепілге қойылып, орнына қомақты несие алыпты. Қазіргі таңда, бизнес-жоспарсыз ақ-қарасы тексерілмей берілген несиенің пайыздық өсімін қоса есептегенде, 60 миллиард 442 миллион теңгеден асып отыр. Мұхтар Әбілязовтың үстінен жүріп жатқан қылмыстық істе  БТА банкінің тағы үш менеджері тергеліп жатыр. Сот тергеу ісі барысында екі жүзге жуық куәгерден жауап алмақ.  Екі мың томдық қылмыстық істе 7,5 миллиард доллардың қалай қолды болғаны анықталатын болады.



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

Прямой эфир