|
07.12.2021 | 14:54
1103

Пандемия білім саласындағы «теңсіздіктерді» ашық көрсетті – сарапшылар пікірі

Жуырда Алматыда VIII халықаралық математика, физика және информатика мұғалімдерінің форумы өтті

Пандемия білім саласындағы «теңсіздіктерді» ашық көрсетті – сарапшылар пікірі

5 желтоқсан күні VIII халықаралық математика, физика және информатика мұғалімдерінің форумында еліміздің білім беру саласындағы онлайн платформалардың негізін қалаушылар Еdtex саласындағы инновациялар мен жалпыхалықтық сауатсыздық қаупі жайындағы тақырыптар бойынша ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Мамандардың айтуынша, пандемия білім саласындағы онлайн ресурстардың жан-жақты дамып, сапалы контент санын көбейтуіне оң әсер еткен. «Daryn online» платформасының директоры Асқар Мақсаттың айтуынша, пандемия басталғанда көптеген отандық платформалар халықтың сұранысын қамтуға дайын болмаған.

«2020 жылы пандемия басталған кезде біздің өзіміздің онлайнға стандарттарға сәйкес дайындаған 1500-ге жуық видеосабақ болған. Аталған сабақтар 5-11 сыныптарға арналған еді. Соны біз мемлекетке ұсынып, сол арқылы 2019 жылдың 4 тоқсаны басталған кезде онлайнға ең бірінші қадам басқан едік. Бірақ пандемия басталғанда көптеген платформалар халық сұранысын қанағаттандыруға дайын болмады. Одан бөлек, интернет мәселесі қиындық туындатты. Сол жылғы статистика мәліметтеріне қарасақ: «Қазақстанның 80% интернетпен қамтылған» делінген. Бірақ біздің есептеуіміз бойынша, халықтың 40% ғана интернетпен қамтылды. Пандемия болмағанда, онлайн контентке 2025 жылы ғана толықтай көшер едік», - деді маман.


Ал тәуелсіз «JOO.kz» платформасының директоры Қанат Өксікбаев пандемия онсыз да жүйесіз дамып келе жатқан білім сапасын төмендетіп жібергенін алға тартып отыр.

«Жалпы, пандемияда білім сапасы төмендеді. Бірақ ерте ме, кеш пе, онлайн білім беру келер еді, пандемия осы процесті жылдамдатты. Уақыт өте келе онлайн өсіп, дамиды. Одан бөлек, пандемия еліміздегі білім саласындағы «теңсіздіктерді» ашық көрсетті. Бірақ онлайн білімнің арқасында ауылдық жердің оқушысы да, қалалық гимназияның тәрбиеленушісі де EdTech білім саласындағы технологияларды пайдаланып, сапалы контентті бірдей тұтына алатын деңгейге жетті», - деді маман.


Сондай-ақ, мамандар пандемия оқушы мен мұғалім арасындағы байланысты азайтып, салдарынан оқушылардың сабақ оқуға деген құлшыныстары төмендеді дейді. «Alpha Academy» клиенттік сервисінің директоры Талшын Ниязханова ата-аналар тарапынан шағымдар көп екенін жасырмады.

«Пандемиядан келген кезде ата-аналардың айтатыны – бір жыл балам білімін жоғалтты. Оның бәрін қалыптастыру өте қиын. Кейбір балалар өз бетімен оқи алады, ал кейбір балаларға орта керек. Әрине, онлайн оқыған балалар көп болды, біз оларды арнайы платформа арқылы оқыттық. Дегенмен ата-аналар офлайн форматты көбірек сұрайды. Себебі, офлайнда оқушы мен ұстаздың байланысы тығызырақ. Баланың эмоциясын, сабаққа деген құлшынысын байқай отырып, сабақ өту мұғалімдерге де нәтиже береді. Біз онлайн білім саласының кемшіліктері мен жетістіктерін бірдей байқап отырмыз. Мультимедиалық оқу жүйесіне ерте ме, кеш пе, көшетін едік. Пандемия осы үрдісті жылдамдатты. Сәйкесінше, осының әсерінен аталған саладағы қордаланып қалған мәселелер тез шешімін тауып отыр. Ата-аналар онлайн білімге машықтанып, балаларын да интернетті сауатты пайдалануға дағдыландыруы керек», -деді сарапшы.


Еске салсақ, 5 желтоқсан күні Алматыда VIII халықаралық математика, физика және информатика мұғалімдерінің форумы өтті.

Форумға Асқар Жұмаділдаев, Мұхтар Өтелбаев, Қайрош Мәкішев, Аягүл Миразова секілді белгілі математиктер қатысты. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мен басқа да білім беру саласының білгірлері келді. Мамандар пандемиядан кейінгі білім беру саласындағы қордаланған проблемаларды көтереді. Атап айтқанда, білім беру жүйесіндегі проблемалар, оқушылар арасындағы теңсіздік, Edtex саласындағы инновациялар, онлайн-білім берудегі мемлекеттік тапсырыстың бөлінуі, үштілділік және т.


Форумда айтылған ұсыныстар жүйеленіп, «Математика пәндері мұғалімдері қауымдастығы» атынан Білім және ғылым министрлігіне жолданады.  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир