|
13.02.2019 | 17:43
1555

Археология жұмыстарымен дилетант ұйымдар айналысып кетті – министр

Арыстанбек Мұхамедиұлы археологтарға қойылып отырған қатаң талаптар туралы айтты

Археология жұмыстарымен дилетант ұйымдар айналысып кетті – министр

Археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарымен ешқандай тәжірибесі мен білімі жоқ, дилетант ұйымдар айналысады. Бұл ескерткіштердің тарихи келбетін бұзып, ерекше жақтарын жоюда. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәжілісте тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы заң жобасының бірінші оқылымында осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жәдігерлерді іздеушілердің олқылығын тізбектеген министр тарихи «байлықты» жер астынан табатын топтарға оқуын енді бітірген студент немесе білімі жоқ жан басшылық етуде деді. Сондықтан археологиялық лицензияға қол жеткізу үшін адамда міндетті түрде бес жылдық тәжірибе, ғылыми дәреже немесе еңбегі болуы міндеттеу керек екенін айтты. Айта кетейік, құжат бірінші оқылымда-ақ мақұлданды.

«Неге жаңа ғана оқу бітірген жас азамат бірден өзі жетекші болып, лицензия алуы керек? Әрине, біз оны тоқтатуға тиіспіз. Бұл салада жиі орын алатын қателіктер бар. Біздің археологтар ыдыс-аяқ немесе алтын бұйымдарды іздейді. Көбінесе, киімнің және адамның шашының құрамы назардан тыс қалады. Ал адам өмірін зерттегенде құнды мәліметтер осы шаштан алынады. Сол себептен археологтардың алдына тиісті талаптарды төтесінен қойып отырмыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХМЕДИҰЛЫ.

Сондай-ақ отырыста су жаңа мәжіліс депутаты таныстырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаев депутаттық мандатқа ие болды. Мәдина Әбілқасымованың экс-орынбасары министрлікте атқарған өз жұмысына көңілі толатынын айтты. Оның ойынша, бір баланы асырауға бір айда 20 мың теңге жетеді.

«Меніңше, сол жеткілікті. Егер үнемдесе, айына 20 мың теңге жетеді деп ойлаймын», – деп жауап берді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұржан ӘЛТАЕВ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир