|
01.07.2020 | 21:19
15443

Алматыдағы №165 лицейге түсу үшін емтихан тапсырған оқушылардың ата-анасы шу шығарды

Лицей алдына таң атпастан жиналған ата-аналар балаларының емтиханнан алған бағасына келіспейді

Алматыдағы №165 лицейге түсу үшін емтихан тапсырған оқушылардың ата-анасы шу шығарды Almaty.tv

Балаларымыздың бағасын дұрыс қоймады. Алматыдағы №165 мамандандырылған лицейге емтихан тапсырған оқушылардың ата-анасы осылай деп шу шығарды. Сөздерінше, білім беру мекемесі оқушының жұмысын бағалау кезінде олқылық жіберген. Жылына жүзден астам талапкер қабылдайтын лицей басшылары не дейді? Қос тараптың пікірін Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен тыңдап қайтты.

Лицей алдына таң атпастан жиналған ата-аналар балаларының емтиханнан алған бағасына келіспейді. Сондықтан, оқушылардың жұмысын қайта қарауды талап етеді. Ынталы топтың ішінде қала тұрғыны Раушан Кәкенова да бар. Ол бүгін баласын дайындаған мұғаліммен бірге келіпті.  

«Мен секілді мұнда баласының алған бағасы үшін жан таласып жүрген бірнеше ата-ана бар. Олар да баласын осы емтиханға дайындаған ұстаздарымен келіп тұр. Бірақ мұндағылар мұғалімді кіргізбейміз деп тұр. Егер барлық қойылған баға дұрыс болса, неге ішке кіргізбейді? Бұндай әрекетке көңілім толмағандықтан, мен білім басқармасына да хабарластым», – деді қала тұрғыны Раушан Кәкенова

Ашуға булыққан 50 шақты ата-ана білім министрлігіне де хат жаздық дейді. Талаптары емтиханды қайта тапсыру. Ал, лицей басшылығының өз айтары бар. Сөздерінше, барлық баға дұрыс қойылған. Апелляцияға өтініш берген әр баланың жұмысы жеке-жеке қаралады екен. Оның үстіне тәуелсіз сарапшылар да шақыртылыпты.

«Біз емтихан қортындыларын көрген кезде біреуіне ғана 1 балл қостық. Апелляцияда ондай болып тұрады. Бұл жерде есептің жауабы емес, оның шығарылуы жолы маңызды. Бүгін мен 30 шақты жұмысты көріп шықтым. Біз ата-аналарға қалай бағаланғанын түсіндірдік. Ешкім қарсы болмады», – деді математика пәнінен халықаралық олимпиадалардың әділ-қазы мүшесі, тәуелсіз бақылаушы Александр Шакиев

Мұнда дәл қазір апелляциялық шағым түсірген ата-аналар мен лицей мұғалімдері баланың жұмысын қайта қарап жатыр. Ондағы баллдар дұрыс қойылды ма, дұрыс қойылмады ма деген сұрақты екі жақтап шешуге кіріскен. Айта кету керек, бұл лицейге қазіргі таңда 100 бала өтіп тұр. Егер апелляциядан кейін тиісті баллды жинаған бала болатын болса, онда бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін.      

Биыл аталған мамандандырылған лицейге түсуге 700-ден астам оқушы ниет танытқан. Осы уақытқа дейін 4 бөлімнен тұрған сынақ, биыл карантинге байланысты қысқарған көрінеді.      

«Екі күннен бері тәуелсіз коммисия апелляцияға берген балалардың жұмыстарын қайта қарап жатыр. Біздің талап бойынша оқушы жұмыстарды 50 пайыздан жоғары дұрыс орындаса, онда лицейге қабылданады. Егер апелляциядан кейін сол көрсеткіштен асатын болса, оқушы міндетті түрде біздің лицейге алынады», – деді  №165 мамандырылған лицей директоры Құралай Ошанова

Одан өзге біздің түсіру тобы араласқан соң лицей директоры апелляцияға ата-аналарды мұғалімдермен бірге кірізуге рұқсат берді. Ал, ата-аналардың емтиханды қайта тапсыру қажет деген талаптары орынсыз дейді лицей директоры.

Арнат Дүйсен, Айдос Байназаров, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир