|
01.06.2020 | 10:38
4045

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Биылғы 1 маусым #NS_balalarkuni_bilim хештегі бойынша онлайн форматта ұйымдастырылады

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Фото: ашық дереккөзден

Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мерекені өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған.

Алғаш рет 1950 жылы өткізілген мерекені БҰҰ балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.

Бұл күн - әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Сондай-ақ, қоғамды мүмкіндігі шектеулі, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн.

Халықаралық балалар күнінің өзінің арнайы байрағы бар. Өсімді, үйлесімдікті, балғындық пен шұрайлылықты білдіретін жасыл фонда көрсетілген Жердің айналасына қызыл, сары, көк және ақ стилизацияланған мүсіндер орналастырылған. Адамдардың бұл пішіні алуандылық пен төзімділікті білдіреді. Ортаға орналастырылған Жердің белгісі - ортақ үйіміздің символы.

Қазақстанда 1 маусым күні балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі.

Биылғы 1 маусым ерекше аталып өтпек. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Барлығы балалар үшін" атты республикалық акция #NS_balalarkuni_bilim хештегі бойынша онлайн форматта ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, Халықаралық балаларды қорғау күні аясында білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту бағдарламасы кезінде мектеп жасындағы балаларға арналған интернет байқаулар, акциялар, челлендждерді қамтитын іс-шаралар жоспары әзірленді. Интернеттегі дереккөзге сілтеме жасай отырып барлығы 65 шара өткізу көзделген.

Instagram желісінде күні бойы балалар писхологы, ішкі істер органдарының өкілдері, білім саласының мамандары, заңгерлер және ҮЕҰ қатысуымен тікелей эфир өтеді. Онда ата-аналар мен балалар қажетті кеңес пен құқықтық көмек ала алады.

Дереккөз: Baq.kz



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир