|
20.02.2020 | 12:00
1439

Жамбылдық диқандар әлі күнге еңбекақысын ала алмай отыр

Тапсырылған қызылшаның жалпы көлемі 126 мың тонна болса, құны 1 млрд. теңгеден асады

Жамбылдық диқандар әлі күнге еңбекақысын ала алмай отыр

Меркі қант зауытына тонналап қант қызылшасын өткізгендер өндіріс басшысының алдап кеткенін айтуда. Кәсіпкерлер 6 ақпанға дейін «есеп айырысамын» деген уәде де алған. Бірақ өзгерген дәнеңе жоқ. Амалы таусылғандар облыс орталығына арнайы келіп, өңір басшысымен жолығуды талап етті. Ашулы топ мәселе шешілмесе, бұл кәсіппен айналысудан мүлдем бас тартпақ ниетте, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Таразға аудандардан арнайы келген шаруа қожалығының басшылары 150-ге жуық кәсіпкердің әлі де ақшасын ала алмай отырғанын айтуда. Диқандар «қант зауытының директоры ақша бермек түгілі, тілдесуге құлықсыз» дейді.

«Әнекүнгі жиналыста «пәлен күні берем» деп уәде берді, бірақ әлі ештеңе де берген жоқ», – деді бір жұмысшы.

«Бірінші жыл емес бұл, осылай келе жатқанына қанша жыл болды. Осылай келе жатқанына 3-4 жыл болды. Жылда айтылатыны бір әңгіме. 1 млрд 100 млн теңгенің 1 млрд теңгесі жоқ», – деді.

Бірнеше ауданнан жиылған диқандардың жаз бойы еккен өнімінің ақысын алмағалы 4 айдан асқан. Тапсырылған қызылшаның жалпы көлемі 126 мың тонна болса, құны 1 млрд. теңгеден асады. 

Бұдан бұрынғы жиында  бұқара уәжі тыңдалып, шешім қабылданады дегенімен, басымы ұмыт қалған көрінеді.  Ал, мәселені естіген өңірдің су жаңа әкімі бірнеше күнде нақты шешімнің болатынын айтты.    

«Бұл – зауыттың қарызы. Сондықтан оны зауыттың өзі өтеуі керек. Ақшасы болса ақшалай, болмаса мүлкімен. Қазір соның бәрін зерттейміз. Сенбі күні сіздерге нақты не болатынын айтамын», – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Былтыр өңірде 2000 шаршы шақырымға тәтті түбір егіліп, егін еселенген болатын. Алайда биыл, қант қызылшасының егілмейтін түрі бар. Себебі шаруалардың бұл кәсіппен айналысуға зауқы да жоқ. Оған себеп – олардың бірнеше ай бойы еңбекақысын ала алмауы.

Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Тараздан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир