|
25.01.2019 | 17:40
17262

Шетел асқандардың жағдайы қалай: былтыр 40 мың қазақстандық өзге елге қоныс аударған

Шетел асқандардың жағдайы қалай: былтыр 40 мың қазақстандық өзге елге қоныс аударған

Қазақстаннан шетелге көшіп жатқан отандастарымыздың саны күннен күнге артып жатыр. Тек былтырғы жылы 40 мыңға жуық қазақстандық басқа мемлекетке қоныс аударған. Бұл Статистика комитеті беріп отырған ресми мәлімет. Ал шетел асқандардың жағдайы қандай? «Америкалық арманды» қуып, оны жүзеге асырып жүргендер кімдер? Олар діттегеніне жетті ме, әлде өзге елде әзер күн кешіп жүр ме? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

«Америкалық арман» қуған қазақстандық қыз Әйгерім Сеңгірбаева Сан-Франциско қаласына осыдан сегіз жыл бұрын көшіп кеткен. Қазір АҚШ-тың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы алпауыт компанияларының бірінде жұмыс істейді. Бұл дәрежеге жету үшін алғашқы жылдары даяшы, кассир болып жұмыс істепті.

«Әзірге отаныма оралу жайлы ойланған жоқпын. Бұл жер ұнайды. Тағы бірнеше жыл осында тұрамын. Кейін көрерміз. Алдағы жылдары Стэнфорд (Stanford) университетіне магистратураға түсемін деген ойым бар. Ол технологиялар саласындағы әлем бойынша ең әйгілі жоғарғы оқу орындарының бірі», – дейді Әйгерім СЕҢГІРБАЕВА.

Әйгерім сияқты шетелге көшіп кеткен қазақстандықтардың саны жылдан жылға артып жатыр. Еліміздің Статистика комитеті берген мәлімет бойынша, былтыр 300-ден астам отандасымыз Америка Құрама Штаттарына қоныс аударған. Бұдан басқа, қазақстандықтар Канада, Ұлыбритания, Италия, Корея, Жапония мемлекеттеріне көшуде.

«Қоныс аударған қазақстандықтардың басым бөлігі, яғни 88,1 пайызы Ресейге кеткен болса, 6,3 пайызы Германияға кеткен. Өңірлер бойынша Ресейге Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарынан, Германияға Қарағанды мен Қостанай облыстарынан көптеп қоныс аударған», – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің сарапшысы Әсем АЛДАНҒАРҚЫЗЫ.

Ал отандастарымыздың басқа елге қоныс аударудың себептері қандай? Бұл ретте әлеуметтанушылар түрлі пікір айтады.

«Біріншіден, шынымен өмір, тұрмыс сапасын арттыру үшін көшеді. Тезірек пәтер иелену үшін немесе белгілі бір қаражатқа тезірек жету үшін шетелге шығып жатады. Екіншіден, балаларының болашағын ойлап кетіп жатқандар бар. Яғни, баласы жоғары сыныпта оқып жүргенде көшіп, сол өзге елдің мектебін бітіртіп, әрмен қарай сол жердегі университеттерге түсуіжеңіл болуы үшін көшеді. Сонымен қатар, тұрмысы әбден нашар адамдар қарапайым қара жұмыс іздеп, одан ары жұмыс істеп, отбасын көшіріп алу мақсатында шығатын қазақстандықтар да бар», – деді әлеуметтанушы Эльмира ОТАР.

Сарапшылардың айтуынша, шетелге қоныс аударғандар көп кезекте, техникалық мамандықтарда жұмыс істеп жүр. Бұл ретте саясаткерлер елімізде қолданбалы және фундаменталды ғылымға баса ден қойылмағанын айтады. Бұл бағытқа бөлінетін қаражат та қомақты емес.

«Ішкі жалпы өнімнің 2-3 пайызын осы ғылымға жұмсауға қол жеткізуіміз керек. Ол үшін тек мемлекеттің ғана емес, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ірі-ірі компаниялардың қаржылары да еліміздегі ғылыми бағытқа аударылуы қажет. Бұл дүниежүзілік тенденцияны біз Қазақстанға алып келуіміз керек. Сол кезде ғана шетелде жүрген өзіміздің қара көз қазағымыз, сонымен бірге, шетелдік тәжірибесі мол азаматтар да Қазақстанға келіп, жұмыс істеуге ықтияр білдіруі мүмкін. Ол елімізде белгілі бір хаб жасауға алып келер еді», – деді саясаткер Ерлан САИРОВ.

Шетелден білім алып, елге оралған азаматтардың бірі – хирург Алтай Керімқұлов өзінің кезекті операциясына әзірленіп жатыр. Айтуынша, оның да «америкалық арманы» орындалған. Питтсбургтағы университетте дүниежүзіне белгілі хирург, профессор Дэвид Баркледтің тағылымдамасынан өткен.

Дәл қазір Алтай Қуанышбекұлы қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа ота жүргізуде. Обырды жартылай сылып тастап, сұйық химиотерапия арқылы өмірін өлімнен арашалап қалмақ. Операцияда ол шетелде алған білімін қолданып жатыр. Айтып өту керек, күрделі ота он сағатқа дейін жалғасуы мүмкін.

Алтай Керімқұлов отаны 12 сағат бойы жасады. Обырдың төртінші стадиясында жүргізілген операция науқастың өмірін 5-6 жылға дейін ұзартуға сеп болады. Ақ халаттының айтуынша, Қазақстан қатерлі ісіктен ем-дом жүргізу бойынша әлі де кенжелеп келеді. Ал өзі шетелде алған тәжірибесінің арқасында қазір елімізде хайпек әдісі бойынша күрделі оталар жүргізілуде.

«Қызыққан жерім – Америкада халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы. Дегенмен, қанша жақсы дамыса да, әр елдің өз артықшылығы да, кемшілігі де бар. Мысалы, Америкада маған кейбір нәрселері ұнаған жоқ. Ссондықтан өз еліме тезірек қайтқым келді», – дейді хирург-онколог Алтай КЕРІМҚҰЛОВ.

Саясаткерлер бүгінде «ақылдың сыртқа кетуі» құбылысы орын алып жатқанын айтады. Сарапшылар түйткілді мәселені шешу үшін мемлекет араласуы қажет дейді.

Шетелге кетіп жатқан қазақстандықтардың көбі еңбек жасындағы білікті мамандар. Бұл құбылысқа әлеуметтанушылар білім сапасы мен жұмыссыздық себеп деген болжам жасапты. Ал сапалы мамандардың сыртқа кетуін тоқтату үшін мемлекет тікелей араласу керек дейді сарапшылар. Айта кетейік, былтырдың өзінде 40 мыңға жуық отандасымыз басқа елге қоныс аударған. Бұл ресми мәлімет.


Салтанат Нысанбек, Жігер Бабаханов, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир