|
08.02.2019 | 18:09
11349

Алдағы демалыс күндері Алматыда қандай мәдени шаралар өтеді – афиша

Алдағы демалыс күндері Алматыда қандай мәдени шаралар өтеді – афиша

Алматыда тропикалық көбелектер көрмесі өтіп жатыр. Онда ерекше жәндіктердің 15 түрі ұсынылған. Ал латынамерикалық биін үйренемін деушілер үшін арнайы шеберлік сабағы ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде белгілі суретші Есімғали Жұмановтың жеке көрмесі ашылды. Мұнда қылқалам шеберінің 40 жылғы еңбектерін көруге болады. Бояуы кеппеген жаңа туындыларын да тамашалай аласыз. Кескіндеме, графика туындылары және инсталляция да көпшілік назарына ұсынылған. Сонымен қатар, Қорқыт, Махамбет Өтемісұлы, Әбу Насыр әл-Фарабидің портреттері де бар. Көрмеде жалпы 90-ға жуық жұмыс қойылған.

«Портреттік шығармаларының өзінде суретші кейде портрет жанры мен натюрмортты қосып, кейде өзінің автопортретін немесе судағы автопортретін қосып салған. Түрлі көлемдегі тақырыптар сюрализм бағытындағы суретшінің жан-жақты тың зерттеулер жүргізгенін көрсетеді. Суретшінің тарихи шығармалары, тарихи тұлғаларға жасаған шығармалары да бар. Қазірдің өзінде ол кісінің Президент резиденциясында екі жұмысы тұр», – деп атап өтті Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми қызметкері Гүлнұр ЖҰБАНОВА.

Тропикалық аймақтарда ғана кезедсетін қанатты жәндіктер Алматыға Филиппин мен Америкадан әкелінген. Көрмеге Тоас және Румянцев желкені сынды көбелектердің 15 түрі қойылған. Мұнда әлемде қанаты ең үлкен алып жәндікті де кездестіруге болады.  Атикус атластың қанаты жайылғанда, 30 сантиметрге дейін жетеді екен. Көрме коллекциясы апта сайын жаңа көбелектермен толықтырылып отырады. Өйткені, бұл тіршілік иелерінің өмір сүру ұзақтығы тым қысқа.

Көрмеде көбелектерді көріп қана қоймай, ұстауға да болады. Мысалы, әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін қанаттылардың бірі Калиго екі айға дейін өмір сүруі мүмкін. Ол көбінесе Американы мекендейді.

Көрмеге арналған бөлменің ішінде тропикалық атмосфера жасалып, ауаны ылғалдататын арнайы құрылғылар орнатылған. Ерекше жәндіктер жеміс-жидекпен қоректенеді.

«Көрмеге келушілер көбелектердің ерекшелігі туралы біліп, жақын танысуына мүмкіндігі бар. Экскурсия жетекшісі жәндіктермен таныстырып, ерекшеліктерін айтып береді. Тіпті, қанатты жәндіктердің қалай өсіп-жетілетінін де біздің көрмеден көре аласыздар. Көрмеге кіру құны ересектер үшін 1200 теңге, ал 4 жасқа дейінгі балаларға тегін», – деді көрме әкімшісі Алексей КОНОВАЛОВ.

Кәсіби би нұсқаушылары латын америкалық сальса биін тегін үйретпек. «FreeStyle» би студиясы мамандары шеберлік сағатын өткізеді. Бишілерден ырғақты музыкаға жарасымды қимылды жасауды үйренемін деушілерге жексенбі күні сағат төртте мүмкіндік жасалып отыр.

«Жұптасып билеу арқылы сенуге үйренесіз. Сальса, бачата биінде қыздар артынан еруге, ал ер азамат бастаушы болып жетелеуге үйренеді. Мұны сезінген кезде өзіңнің де қолыңнан келетінін түсініп, үйренгеніңді өмірде қолдана бастайсың. Оны жалғастырғың келеді», – дейді би нұсқаушысы Надия ЯГФАРОВА.

Абай атындағы опера және балет театрында «Дон Кихот» балеті сахналанбақ. Бас балетмейстер халық артисі Гүлжан Түктібаева, дирижер Арман Оразғалиев. Балет сүйер қауым қойылымды 10 ақпан күні кешкі сағат алтыда тамашалай алады.

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир