|
30.11.2020 | 20:01
6920

1 желтоқсан – қазақ халқының алғаш рет өз басшысын таңдап, дербестігін демократиялық сайлау арқылы жүзеге асырған айтулы күн

29 жылда Қазақстан дүниежүзі қауымдастығында экономикасы қуатты, саясаты сауатты ел ретінде танылды

1 желтоқсан  – қазақ халқының алғаш рет өз басшысын таңдап, дербестігін демократиялық сайлау арқылы жүзеге асырған айтулы күн zanmedia.kz

Желтоқсан – қазақ халқы үшін ерекше айлардың бірі. Дәл осы айда мемлекетіміздің қоғамдық өмірінде маңызды тарихи оқиғалар болды. Еліміздің Тұңғыш Президенті сайланды. Тәуелсіздігі жарияланды. Содан бері 29 жылда егемен Қазақстан дүниежүзі қауымдастығында экономикасы қуатты, саясаты сауатты ел ретінде танылды. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің ерен еңбегінің, көрегендігінің арқасында дейді саясаткерлер. Тұңғыш Президент күні қарсаңында жасалған Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің сюжеті.

1991 жыл. 1 желтоқсан.  Бұл күн – қазақ халқының алғаш рет өз басшысын өзі таңдап, дербестігін демократиялық сайлау арқылы жүзеге асырған айтулы күн. Дәл осы күні Қазақстан тарихында алғаш рет бүкілхалықтық сайлау өтті. Тарихында талай тауқіметті тартқан қазақ өзінің болашағын, мемлекеттің келешегін Президентке сеніп тапсыра алатынын алғаш рет сезінді. Осылайша, еліміз жаңа қоғамдық-саяси кезеңге қадам жасады. Сол күннен бастап Тұңғыш Президент тыным таппай елін биік белеске көтеру жолында аянбай еңбек етті дейді, мемлекет және қоғам қайраткері Рахман Алшанов. Шетелмен қарым-қатынасты нығайтып, инвесторлар тарту арқылы экономикаға қан жүгірткенін айтады.

«Нұрсұлтан Әбішұлына сенді шетелдік инвесторлар. Осы өңірде бірінші орынға шықтық Ресейден кейін. Бұрынғы ТМД елдері қатарында Украина былай тұрсын, Прибалтика былай тұрсын, Қазақстан инвестиция тартуға бірінші болды. Ол не? Сенім ақшасы. Соған байланысты көп нәрсе шешілді. Ірі кәсіпорындар іске қосылды. Шетелдік инвестор келді, мысалы, мұнай саласына, газ саласына, металлургия саласына, теміржол, барлығына келді», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Рахман Алшанов.

Ұлттық экономикасы құлдыраған, қазынасында қаражаты жоқ жас мемлекеттің аз уақыт ішінде дамыған 50 елдің қатырына қосылуы ешбір елдің тарихында болмаған жағдай, дейді сенатор Әли Бектаев. Әсіресе, экономиканың драйвері саналатын ауыл шаруашылығына айырықша мемлекеттік қолдау танытылғанын айтады.  

«Елбасы 2003-2005 жылдарға ауылды дамыту, ауыл жылы деп жариялады. Сөйтті де мемлекеттің ресуртарының барлығын ауылға қарай бұра бастады. Осы 3 жылдың көлемінде шамамен 600 млрд көлемінде қаржы бөлінді деп айтуға болады. 2003 жылдың өзінде 150 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ол 2002 жылмен салыстырғанда 40 есе көп еді. Сондай үлкен қаржы бөлудің арқасында ауылдың беті бері қарады, қиындықтарды еңсере бастады, ауылға жан кіре бастады, қан жүгіре бастады бойына», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.

Халқының бақытты өмірі үшін бар ғұмырын сарп еткен тұлғаның еңбегін елі де елеп, 2012 жылдан 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні деп мемлекеттік мереке деңгейінде тойлап келеді. «Ері елін қорғайды, елі ерін қолдайды» деген осы болса керек.

Асылбек Тойбек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир