|
25.06.2019 | 16:02
1876

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бәрі жақсы болады, еш алаңдамаңыздар!»

Президент Арыс қаласын түгел аралап, жарылыс салдарынан қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын көрді

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бәрі жақсы болады, еш алаңдамаңыздар!»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қоймадағы жарылыс салдарынан зардап шеккен халықтың жағдайын өз көзімен көру үшін кеше кешке оңтүстік өңірге арнайы ұшып келген болатын. Шымкент қаласындағы қауіпсіз жерге көшірілген қарапайым халықпен тікелей қауышқан мемлекет басшысы арыстықтарға өзінің арнайы келгенін айтып, қаланың қайта қалпына келтірілетініне кепілдік берді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бәрі жақсы болады. Бәрін қалпына келтіреміз. Бұл – төтенше жағдай. Үкімет қанша қаражат қажет екенін есептейді. Үйлеріңізді түгел жөндеп береміз. Мен жағдайды тікелей өз бақылауыма аламын. Балаларға келсек, Ақмола мен Павлодар облысы оларды жазғы каникулға алып кетуге әзір. Бұл жағдайдан кейін балалардың тынығуына жағдай жасау қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.  

Түркістан облысындағы лагердегі  жұрттың жағдайын білгеннен кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласын түгел дерлік аралап шықты. Президент жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын көрді. Өрт пен оқ-дәрінің жарылысынан болған жерлерді қалпына келтіру жөнінде тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы одан кейін Шымкенттегі облыстық ауруханаға түскендердің халін білу үшін  сонда бағыт алды. Жарақат алғандарға құлан-таза айығып кетуге тілек білдірді.

«Жағдай өте қиын. Бірақ менің тапсырмам бойынша үкімет барлық жағдайды жасап береді. Шыдау керек. Жағдайды жасаймыз. Ем болсын», – деді мемлекет басшысы.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир