|
24.11.2021 | 17:08
1120

Ерлан Саиров: Келесі дәуірдің басты міндеті – іргетасы бекіген елімізді ары қарай дамыту

Депутат Елбасының «Nur Otan» партиясы төрағасының өкілеттігін тапсыруы үлкен символикалық мәнге ие екенін айтты

Ерлан Саиров: Келесі дәуірдің басты міндеті – іргетасы бекіген елімізді ары қарай дамыту  Фото: ашық дереккөзден

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының төрағасы өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруы үлкен символикалық мәнге ие. Осындай пікір білдірген Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бұл – мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жасалған шешім деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев партияның төрағасы өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын айтты. Барша қазақстандықтар Президенттің мемлекеттік бағдарын қолдап, соның аясында жұмылуы маңызды екеніне баса мән берді. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың пікірінше, 30 жылдың ішінде мемлекетіміздің іргесін нығайту үшін Елбасы ауқымды жұмыстар жүргізді.

«Енді келесі 30 жылда болашақтың картинасы, болашақтың тарихы қандай болады деген сұраққа жауап беру керек. Менің ойымша, енді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің іргетасы қаланды, енді ары қарай қалай дамытамыз, міне, келесі дәуірдің алдында тұрған мәселесі осы болуы керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерлерді атап өтті. Соның ішінде жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің күшеюіне, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, сондай-ақ қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруінен саяси алауыздық белең алатынына назар аударды.

«Жаһандық экономиканың өзгермелі өмір салты көптеген елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, тұтас салалардың жойылуына алып келеді. Әлемдік қауымдастық 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Өндірістің жаңа экологиялық стандарттарын енгізу, салықтарды күшейту байқалуда. 2030 жылға қарай 190 ел көмірден толық бас тартуды жоспарлап отыр. Экологиялық тұрғыдан «лас» өнімдер бәсекеге қабілетсіз болады. Мұның бәрі елеулі инвестициялар мен біздің экономикамыздың құрылымына өзгерістерді талап етеді», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Парламент Мәжілінің депутаты Зүлфия Сүлейменова «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасының жастарға қолдау танытып, үміт артқаны көңілімнен шықты дейді. 30 жылда аға буын сара жол салды, енді өскелең ұрпақ барды бағалап, бақытты еселеу керек деп санайды. 

«Мен тәуелсіздік алған жылдары өскен адаммын. Бұл сөздерді өзіме қаратып айтқандай қабыл алдым. Елімізді 30 дамыған елдің қатарына енгізу міндеті енді бізге жүктеледі.  Елбасы айтқан жеті бағдар сол дамудың іргетасы деп білем. Ол үшін біз алдымен тәуелсіздікті сақтауымыз керек. Ұлтаралық, дінаралық татулыққа, келісім мен бейбітшілікке көздің қарашығындай қарауымыз керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Зүлфия Сүлейменова.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақмерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ Елбасы жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир