|
16.05.2019 | 17:36
3449

Ел астанасы 20 жылда шағын қаладан мегаполиске айналды – Н.НАЗАРБАЕВ

«Астана экономикалық форумына» 74 елден келген сарапшылар әлемдік экономиканың бүгінгін талқылады

Ел астанасы 20 жылда шағын қаладан мегаполиске айналды – Н.НАЗАРБАЕВ МИА "Казинформ"

Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы биыл баяу өсті. Бұған жер жаһандағы мемлекеттердің қаржылай текетіресі себеп болған сыңайлы. Он екінші «Астана экономикалық форумына» жиналған қаржы мамандарының ортақ пікірі осындай. 5500 адам қатысқан жиында бұдан басқа жаһан жұртының болашақта мамандық ауыстыруы, ауылдағы азаматтардың қалаға көшуі де сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ынталандырушы өсім: адам, қала, экономика» тақырыбында өткен биылғы «Астана экономикалық форумына» 74 елден келген сарапшылар әлемдік экономиканың бүгінгі қалпын талқылады. Алғашқы сөзді бастаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ойшыл, тез қорытынды жасай білетін адамдар мемлекет экономикасының алға тартушы күші екенін айтты. Бірақ түрлі технология жұмыс барысына енуіне қарай алдағы он жылда миллиондаған адамдар мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады дегенді де қоса кетті Елбасы.  

«Жан-жақты, түрлі ойы бар адамдар – кез келген экономика табысының негізгі аспектісі. Мемлекеттер арасында жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім деңгейінің 10-30 пайыз дейінгі айырмашылығын осы қасиеттер жасап отыр. Бірақ технологиялар қолжетімді болған сайын әлемдік экономикадағы жұмыс уақытының тең жартысы автоматтандырылды. Осыған байланысты, 2030 жылға қарай әлем бойынша 370 миллион адам қайта оқытудан өтіп, мамандығын ауыстыруға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл көрсеткіш жаһандық жұмыс күшінің 14 пайызын құрайды», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Нұрсұлтан Назарбаев халықтың ауылдан қалаға көшуіне де тоқталды. Елбасының айтуынша, жер шары халқының 4 миллиарды қалада өмір сүреді екен.  Бір жылда бұл көрсеткіш екі есеге артуы мүмкін. Бұл мәселеге Қазақстан да бет бұрса керек.

«Елімізде урбанизация қарқынды жүргізіліп келеді. Алайда әлі де болса, ел халқының 40 пайызы ауылдарда тұрады. Бізде жыл санап ірі қалалар саны артып келеді. Бір ғана мысал, ел астанасы 20 жылда 180 мың адам тұратын шағын қаладан миллиондық мегаполиске айналды. Алматы қаласының тұрғындары 2 миллионнан асады. Өткен жылы бұл қалаларға Шымкент шаһары қосылды. Болашақта тағы екі қаланы осы қатарға қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Форумда жер бетіндегі экономикалық текетірестер кесірі сөз болды. Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард соңғы жылдары мемлекеттердің қаржы жағдайы мәз емес екенін алға тартты.

«Жылдамдату керек, бірақ асықпау да керек. Қазақтың ұлы ақыны Абай айтқандай: «Ақырын жүріп, анық басу» керек. Соңғы екі жылда әлем экономикасының 75 пайызында жылдам өсті. Бірақ биыл жер бетіндегі 70 пайыз жаһандық жалпы ішкі өнімде баяулау процесі байқалды», – деген ол АҚШ пен Қытай арасындағы жағдай алаңдататынын жасырмады. Тіпті сөз соңында Лагард алдағы алты айда қос алпауыт мемлекеттер тай-таласы бәсеңдеуі тиіс деген де болжам білдірді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

Форум
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир