|
02.06.2021 | 20:14
1209

2 маусым – Конституция жобасы туралы қаулының қабылданған күні

Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Ата заңы

2 маусым – Конституция жобасы туралы қаулының қабылданған күні Фото: e-history.kz

Бүгін егеменді еліміздің алғашқы Конституция жобасы туралы қаулының қабылданған күні. Қоғамда жан-жақты  талқыланған жоба 1992 жылдың 2 маусымда бірінші оқылымда бекітілді. Осыдан тура 30 жыл бұрын егемендікке қол жеткізген Қазақстан үшін бұл үлкен тарихи оқиға болатын. Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке толығырақ айтып берсін.

Конституция жобасын жалпыхалықтық талқылау 1992 жылдың желтоқсанына дейін жалғасып, 93 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жеке дауыс беру арқылы көпшіліктің мақұлдауымен Қазақстан республикасының алғашқы Ата Заңын қабылдады. Сөйтіп, еліміз өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Конституциясымен бүкіл әлемге мойындатты.

«ҚР 2 Конституция қабылдады. Соның біріншісі 1992 жылы 2 маусымда халықтық талқылауға шыққан еді. Бұл Конституцияның да, қазіргі Конституциямыздың да басты өзегінде Президент институты тұрды. Мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатын президент анықтайтын болғандықтан… Қазақстанның табысын, тағдырын президентпен байланыстырып сөйлейміз. Еліміз табысты мемлекет, яғни бұл президенттің саясатының табысы деген сөз ғой», – деді ҰҒА академигі, тарихшы Хангелді Әбжанов.

Биыл Ата заңымыздың қабылданғанына  26 жыл толды. Осы аралықта Конституциямызға бірнеше рет өзгерту мен толықтыру енгізілді. Мемлекет өз тәуелсіздігін жариялағалы бері уақыттың талабына қарай  Ата заң төрт мәрте өзгерген. Сол уақыттан бері Конституция халық пен мемлекет арасындағы коммуникативтік күшке айналды. Бүгінгі таңда осы Ата Заңның арқасында еліміз жан-жақты дамып, көптеген елдермен терезесі теңесті. Осы тұста, тұңғыш президенттің зор еңбегін айтпай кетуге болмайды. Елбасы Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда орасан рөл атқарды.

«Астананы Алматыдан Нұр-Сұлтанға ауыстырудың саяси халықаралық деңгейдегі маңызы зор. Қарсы пікірлерге қарамастан, Елбасының табандылық танытып қабылдаған бұл тарихи шешімі Қазақстанды халықаралық аренаға шығарып, әлем қауымдастығындағы рөлін едәуір көтерді», – деді саясаттанушы Рүстем Қадыржанов.

Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Ата заңы. Осыдан 26 жыл бұрын бүкіл халықтық референдумда кең байтақ еліміздің көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты.

Сая Меңдеке, Ұлжалғас Өтебаева, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир