1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні Акорда

Бүгін ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік өкілеттігін тоқтататынын ресми мәлімдеді. Айтулы оқиғаны санаулы секундтар ішінде тек қазақстандық емес, бүкіл әлемдік БАҚ өкілдері жарыса жазды. Бұдан Елбасының халықаралық аренадағы беделінің қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады.

Иә, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінге дейін еліміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге талай қиындықты еңсеріп, тарихи маңызы бар жетістіктерге жетті. Бір емес, екі бірдей экономикалық дағдарысты бастан өткеріп, одан абыроймен шыға білді.

Осы отыз жылға жуық уақытта атқарылған еңбекті қағазға түсірсек 30 томдық кітапқа сыйғыза алмас па едік?!

Ендеше Ұлт көшбасшысы – ҚР Тұңғыш Президентінің Қазақстан дамуындағы тарихи роліне азды-кем тоқталып өтсек.

- Қираған КСРО-ның аумағында жаңа мемлекет құра білді. Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде жариялап, шекарасын бекітіп алды. Одан әрі нарықтық экономиканы қалыптастырып, елдің аяққа тұруына және одан әрі дамуына ықпал етті.

- Жаңадан Астана қаласы бой көтерді. Елордамыз санаулы жылдар ішінде әлемнің мәдени, рухани орталықтарының біріне айналды.

- Әлемде алғаш болып ядролық қарудан бас тартты, Семей полигонын жапты.

- Экономикалық жетістіктердің негізінде ұлттық тұтастықты және халықтардың бірлігін қалыптастырды.

- Бей-берекеттікке, жұтаңдыққа, қоғамдық жіктелуге, азаматтық соғысқа, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстарға, қылмыстың өршуіне, «бандиттік» және «олигархиялық» капитализмге, елді халықаралық қақтығыстарға киліктіруге, «түрлі-түсті революциялардың» сценарийі бойынша қоғамдық-саяси толқуға, шетелдік кредиторлардың қарыз бойынша тәуелділігіне, экономикалық құлдырауға, стагнацияға немесе әлемдік дағдарыстардың созылуына байланысты рецессияға жол берілген жоқ.

- Қазақстан Орталық Азиядағы аймақтық көшбасшы, сыртқы саяси процестердің абыройлы әрі толыққанды мүшесі ретінде мойындалды.

- Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі кезеңінде стратегиялық жоспарлар негізінде Мемлекеттің қалыптасу және даму стратегиясы (1992), «Қазақстан-2030» стратегиясы (1997), «Қазақстан-2050» стратегиясы (2012) негізінде елдің сенімді дамуы мен өсуі қамтамасыз етілді.

- «Қазақстан-2030» стратегиясының уақытынан бұрын орындалуы елімізді әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіргізуге мүмкіндік берді.

- Халықтың әл-ауқаты жедел өсті, орта тап пен ұлттық кәсіпкерлердің класы жасақталды.

Жалпы, Қазақстанның Тұңғыш президентін әлем лидерлері өркениеттер арасында, Батыс пен Шығыс арасында, ислам мен христиан арасында диалог орнатқан әлемдік көшбасшы деп таниды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир