|
17.03.2022 | 09:17
423

Қазір тәуелсіздігіміз бен конституциялық құрылымымызды нығайтатын уақыт – Әлібек Серәлиев

Генерал-майордың айтуынша, адам құқықтары мен сөз бостандығы – басты құндылық

Қазір тәуелсіздігіміз бен конституциялық құрылымымызды нығайтатын уақыт – Әлібек Серәлиев inform.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауына байланысты ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Әлібек Серәлиев өз ой-толғамымен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Президент Жолдауын мұқият тыңдағаннан кейін бір байқағаным, еліміз демократиялық тұрғыдан жаңару жолына түсті», - деді Ә.Серәлиев.

Генерал-майордың айтуынша, адам құқықтары мен сөз бостандығы – басты құндылық. Оның негізгі темірқазығы – құқықтық мемлекетті нығайту, заң үстемдігінің салтанат құруы. Демек, қандай жағдай болмасын, адамдық конституциялық құқықтар принципінде, заң аясында шешілуі керек. Мемлекет басшысы өкілеттілігін асыра пайдаланған құқық қорғау қызметкерлерінің әрекетін айыптағанымен, сын сағатта ел қорғаған полиция қызметкерлері мен әскери қызметкершілердің ерлігін ескеріп, Отан қорғаушылардың құқықтарының сақталуына ерекше тоқталды.

Органда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлықпен қорғады. Мен сын сағатта қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін» деді Президент.

Айтып өту керек, Ұлттық ұлан жауынгерлері «қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде еліміздің конституциялық құрылымын, тұрақтылығы мен тыныштығын қорғады, азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуге атсалысты. Баршаға аян, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде бұзақы топпен қарсыласудың нәтижесінде жарақат алған Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің саны 400-ге жетті. Бұдан бөлек, жаппай тәртіпсіздік кезінде Ұлттық ұланның 90-нан аса әскери техникасы зардап шекті. Соған қарамастан, ел басшылығы да, құқықтық тәртіп әскері де үлкен «күшке» қарсы тұрды.

«Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы заңсыз ұйымдар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды», - деді Мемлекет басшысы. Президенттің төңкеріс ұйымдастырушыларды осылай сипаттауынан құзырлы органдар мен әскер қандай алпауыт қауіп-қатермен бетпе-бет келгенін түсінуге болады.

Сондай-ақ «Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты», - деді ел Президенті.

Ә.Серәлиевтің ҚазАқпаратқа сөзіне қарағанда, ұландық жауынгерлер өздерінің міндеттеріне, берген әскери анттарына адал болды. «Бұйрықтың аты – бұйрық» деп бүлікшілерге жол бермеген офицер Ұлан Мырзабаев та, жас өмірлерін бейбіт өмір жолында қиған қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов та өз ерліктерімен «Әр түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіс болашақ жаңа Қазақстанның іргетасын қалады.

«Біз өткеннен сабақ алып, бүкіл ел болып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімізбен сезінуге, татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінуге тиіспіз. Қазақстан Президенті айтқандай: «Қазір саяси баррикадалар орнатып, әр мәселеге бола митинг өткізетін, күмәнді шешімдерге итермелеп, жөнсіз талап қоятын, міндетін орындап жүрген полиция қызметкерлерінің жағасына жармасатын уақыт емес». Қазір тәуелсіздігіміз бен конституциялық құрылымымызды нығайтатын уақыт. Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елордалық жедел бригадаға барған алғаш сапарында Ұлттық ұланға «Нағыз ерлік пен патриотизм мектебі» деген баға берген болатын. Осы орайда Ұлттық ұлан әскері мәңгі сақшы іспетті өзіне жүктелген міндеттерге сай құқықтық тәртіпті әрі қарай да қамтамасыз ете беретініне сендіргім келеді», – деп түйіндеді ойын Ә.Серәлиев.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

жолдау
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир