|
25.11.2021 | 20:44
6223

Ұшақтар кешігіп, жол апаты көбейді: Нұр-Сұлтанды қалың қар басып қалды

Елорда әкімдігі қаланы тазарту жұмыстарын тәулік бойы екі ауысымда жүргізіп жатыр

Ұшақтар кешігіп, жол апаты көбейді: Нұр-Сұлтанды қалың қар басып қалды ПРЕСС-СЛУЖБА МЕЖДУНАРОДНОГО АЭРОПОРТА НУРСУЛТАН НАЗАРБАЕВ

Елордада 1 тәуліктің ішінде қардың 1 айлық нормасы жауды. Салдарынан 142 жол-көлік апаты болған. Ақ ұлпаның көп түсуіне байланысты қоғамдық көліктер, ұшақтар кешігіп, жолда кептеліс туындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Бір түннің ішінде Нұр-Сұлтан көшелерінде қардың қалың түсуінен осындай төмпешіктер пайда болды. Автожолдарды, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды қар басып қалған. Ақ ұлпаға батып қалған көліктерін аулаларынан шығару үшін тұрғындар бір-бірінен көмек сұрап әлек. Ал Нұр-Сұлтан әкімдігі қаланы тазарту жұмыстарын тәулік бойы екі ауысымда жүргізіп жатыр.

Қар құрсауында қалған елордада автобустар уақытынан кешігіп, қала көшелерінде көлік кептелісі пайда болды. Әсіресе қоғамдық көлікке арналған арнаулы жолағы жоқ жолдарда автобустардың қатынау аралығы мүлдем алшақтап кеткен.

«Ауа райының нашарлауына байланысты көлік ағымы мен қоғамдық көлік қозғалысының жылдамдығы төмендеді. Автобустардың да кідірісі байқалып отыр», – деді «CTS» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі қызметінің жетекшісі Науат Азанбаева.

Ал тұрғындар болса такси бағасының шарықтап кеткеніне алаңдаулы. Автобус күтіп тоңған халық такси қызметіне жүгінуге мәжбүр. Алайда бұл сәтті өз пайдаларына асырған кей пысықайлар оның құнын бірден көтеріп жіберген.

Бұл қақпағы ашық тұрған кәріз құбырына байқамай құлап кеткен ер адамның видеосы. Оның айтуынша, жаяу жүргіншілер жолын қар басып қалып, ашық тұрған люкті көрмей қалған. Ал қала әкімдігінің мәліметінше, бұл үшін 2000-ға жуық арнайы техника мен 1900 жұмысшы жұмылдырылыпты.

«Нұр-Сұлтан қаласында 1 тәуліктің ішінде қардың 1 айлық нормасы жауып жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай әлі де қояр емес. Әлі де жауып жатыр. Жалпы, 1 қарашадан бастап полигондарға 14 мыңға жуық рейс жасалып, 150 мың текше метр қар шығарылды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Ләззат Стамғазиева.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, елордада кейінгі тәулікте 142 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бес адам зардап шеккен. Сол себепті полиция тұрғындарға қаладан алыстап шықпауға кеңес беріп отыр. Ал «Қазгидромет» РМК қардың жаууы әлі де жалғасатынын айтады. Қазір оның қалыңдығы 28 сантиметрден асқан.

«Суық антициклонның келуімен түнгі уақыттарда ауаның температурасы күрт төмендейді. Бұл Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында болатын құбылыс. Осы аймақтарда түнде 18 -23 градус аяз болады. Күндіз 8-16 градус шамасында аяз болады», – деді инженер-синоптик Мақпал Ботаева.

Астана әуежайында ұшып-қону жолағын қар басып қалғаннан 21 рейс кешіктірілді. Мектептерде екінші ауысымдағы бастауыш сынып пен 8-сыныпқа дейінгі оқушылар онлайн оқуға ауыстырылды.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир