|
17.10.2020 | 14:06
4593

Президент міндетін атқарушы премьер-министр Садыр Жапаров қырғызстандықтарға үндеу жасады

Садыр Жапаров тарих сабақтары ұмытылғанда, ол қайталанатынын ескертті

Президент міндетін атқарушы премьер-министр Садыр Жапаров қырғызстандықтарға үндеу жасады kabarlar.org

Президент міндетін атқарушы премьер-министр Садыр Жапаров қырғызстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды  Tengrinews.kz 24.kg-ге сілтеме жасап.

Оның айтуынша, өткен күндер ел тәуелсіздігінің, еркіндігінің, демократияның, көпұлтты келісімнің және Қырғызстан халықтары бірлігінің беріктігіне сынақ болды.

«2020 жылдың 4 қазанында тарихи сайлау өтуі керек еді. Халық Жогорку Кенешті ғана емес, болашақты, әділдікті таңдады.

Өкінішке қарай, билік халықтың мұңын көре алмаған екен. 2005 және 2010 жылдардағы екі халық революциясының сабағы ұмтылды», – делінген хабарламада.

Садыр Жапаров тарих сабақтары ұмытылғанда, ол қайталанатынын ескертті. Оның айтуынша, тарих халыққа тағы бір сабақ үйретті, әсіресе билікке - ол әрқашан өз халқына қызмет етіп, оның таңдауын қабылдауы керек. 4 қазанда халық жеңді, жастарымыздың жеңісі ұрланып, ауқымды саяси дағдарыстың басталуына түрткі болды.

Оның мақсаты – елде әділеттік орнату, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты күрес жүргізу екенін атап өтті.

«Бұдан былай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саяси қарсыластарды жою құралы болмайды»,  –  деді Садыр Жапаров.

«Мен саяси тұтқын болу дегеннің не екенін жақсы білемін және оны бастан өткердім. Білемін, көптеген саясаткер саяси себептермен сотталған.Бірақ бүгін олар судьялар мен прокурорларға қысым жасамай, ашық процестерде өздерінің кінәсіздігін дәлелдеуге мүмкіндік алды. Бұл жаңа әділ сот ісін жүргізудің бастауы болады», –  деді ол.

Мемлекет басшысының міндетін атқарушы біреу сыбайлас жемқорлыққа қатысса, ол қандай саяси тұлға болмасын, қылмыстық жауапқа тартылатынын атап өтті.  

Оның айтуынша, сот реформасы президент аппаратының емес, қоғамның бақылауында жүргізіледі.

«Ең алдымен, біз Қырғызстаннан 700 миллион доллар алып шығу ісіне нүкте қоямыз, ал басты күдікті Матрайымов пен басқа да жемқорлар біздің елдің алдында қатаң заң бойынша жазаланады», – деді Садыр Жапаров.

Президент міндетін атқарушы қылмыспен күрес мәселелеріне тоқталды. «Бүгіннен бастап криминал өз шарттарын айтуды тоқтатады. Кепілдік беремін. Жекелеген өңірлерде бизнес жүргізу үшін қылмыскерден рұқсат алу қажет болған уақыт өткенде қалады», – деп мәлімдеді Садыр Жапаров.

Сондай-ақ, ол ел тарихының жаңа беті басталатынын атап өтті: жастар елдің мемлекеттік саясатының белсенді жолсерігіне айналады.

«Әр түрлі жастағы және түрлі ұлт өкілдерінің жастары 5 қазанда Ала-Тоо алаңында еліміздің болашағы үшін өмірлерін беруге дайын болды», – делінген мәтінде.

Ол әр түрлі саяси күштердің парламентке өтуі үшін тең жағдай жасауға уәде береді, бірақ жастар, ұлттық және гендерлік квоталар міндетті түрде сақталады.

«Ең алдымен, біз экономикалық жағдайды тұрақтандырып, инвесторлардың сенімін қалпына келтіріп, кәсіпкерлеріміз үшін қорғаныс пен қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз етуіміз керек. Біз реформалар жөніндегі арнайы комитет құрамыз, ол еліміздің экономикасын басқарудағы тәсілдерін өзгертеді», – деп сендірді Садыр Жапаров.

Оның пікірінше, мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа уақыт жаңа тәсілдерді қажет етеді.

«Заманауи технологиялар шенеуніктер мен бюрократтардың үлкен әскерін жоюға мүмкіндік береді. Барлық қажетсіз мемлекеттік құрылымдар жақын арада жойылады. Оңтайландыруды біз президент аппараты мен үкіметтен бастаймыз», – деп атап өтті ол.

«Қазір біз соңғы уақытта қордаланып қалған мәселелерді, көптеген басшылардың «жәшікке» салып қойғанын ашық мойындауымыз керек. Нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесінің COVID-19 пандемиясына дайын болмауы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету мен оқытудың цифрлық жүйесінің болмауы көрінді», – деп атап өтті Садыр Жапаров.

«Несиелер мен гранттарға сүйену елдің қаржы жүйесін басқарудағы қылмыстық саясатқа айналды, ал оларды бөлудің жабық тетігі мемлекеттік басқару жүйесіндегі жүйелі сыбайлас жемқорлық үшін негіз болды», – делінген мәтінде.

«Біз COVID-19-бен күресуге алынған несиелер бойынша тексерістерді бастаймыз және бұл тек бастама. Бұл алдағы күндері шешілуі тиіс басты міндет», – деді Садыр Жапаров.

Еске салайық, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков өкілеттігін тоқтатты. Мемлекет басшысының міндетін атқарушы премьер-министр Садыр Жапаров болды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир