|
26.04.2022 | 17:22
3517

Украинада 2665 бейбіт тұрғын қаза болды – БҰҰ

3 мыңнан аса адам жарақат алып, 5 мыңнан астамы зардап шеккен

Украинада 2665 бейбіт тұрғын қаза болды – БҰҰ стоп-кадр из видео

Украинада әскери қақтығыс басталғалы 2665 бейбіт тұрғын қаза болды. Олардың ішінде 195 бала бар. Бұл туралы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары мәлімдеді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Ал Мариупольде қалған халықтың жағдайы мүшкіл. Кеше Ресей бұл қалада тыныштық сағатын жариялағанын мәлімдеді. Бірақ Киев билігі арада мұндай келісім болмағанын айтады. Бұған дейін 450 мыңға жуық халық қоныстанған Мариуполь қаласы қазір 90 пайызға қирап, қаңырап бос тұр. Қазір онда қалған тұрғындардың жағдайы мүшкіл. Екі тарап гуманитарлық дәліз ұйымдастыруда ымыраға келе алмай жатыр. Кеше Мәскеу осы мақсатта тыныштық сағатын жариялағанын айтты. Бірақ Киев билігі арада мұндай келісім болмағанын айтады. Бұл ретте Украинаның Сыртқы істер министрі БҰҰ-на жүгініп, ондағы халықты эвакуациялау үшін Ресейге қысым көрсетуді сұрады. Өйткені бүгін ұйым басшысы Владимир Путинмен кездеседі. Кейін Киевке келмек.  

«Дипломатиялық дәстүр бойынша, Антониу Гутерриш алдымен Киевке келуі керек еді. Мүмкін саяси тұрғыдан осылай шешкен болар. Бірақ қазіргі басты мәселе Мариупольдегі халықты эвакуациялау болып тұр. Бұл тек БҰҰ-ның қолынан келеді. Ал біз жерімізді азат етпей, тоқтамаймыз. Әрине қақтығыс зардабы ауыр болатыны сөзсіз», – деді Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба.

Украина Президентінің кеңесшісі жексенбі күні Пасха мерекесінде «Азовсталь» зауытына үздіксіз шабуыл жасалғанын хабарлады. Дүйсенбіде елдің орталық және батыс аймақтарындағы 6 теміржол бекеті мен Львов, Виница облысы қатты соққыға ұшыраған. Луганскте 30 мың отбасы жарықсыз, сусыз қалыпты. Ал Ресейдің СІМ бұл қақтығыс соңында келісімге келумен аяқталады деген пікірде. Бірақ бәрібір бейбіт мәміленің мазмұны әскери жағдайға байланысты дейді.

«Красное, Здолбунов, Жмеринка, Бердичев, Ковель және Коростень теміржол бекеті ауданындағы 6 қосалқы станса жоғары дәлдікпен ұзақ қашықтыққа ұшатын қарумен жойылды. Бұл жол арқылы Донбасстағы украиналық сарбаздарға шетелдік қару-жарақтар мен әскери техникалар жеткізіледі. Сондай-ақ әуе зымырандарымен Украинаның 27 әскери нысанына соққы жасалды», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков.

3 мыңнан аса адам жарақат алып, 5 мыңнан астамы зардап шеккен. Бұл туралы БҰҰ-ның Адам Құқығы бойынша Жоғарғы комиссары мәлімдеді. Қаза тапқандар көпшілігі зымыран мен әуе шабуылы, бомбалар мен ауыр артиллериялардан соққы алғандар.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир