|
15.10.2021 | 19:16
607

Келесі жылдан бастап шетелдік вакциналар ақылы болады – Алексей Цой

Елімізде 7 миллионнан аса халық коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алды

Келесі жылдан бастап шетелдік вакциналар ақылы болады – Алексей Цой Фото: yandex.ru

Ресейде коронавирус өршіп барады. Тек соңғы тәулікте COVID-19 вирусынан қайтыс болғандар саны 1 мыңға жуықтаған. Бұл – пандемия басталғалы көрші мемлекеттегі ең жоғарғы көрсеткіш. Ал ең ауыр жүк тағы да дәрігерлердің мойнына түсіп отыр. Алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері коронавируспен күрестен бөлек, өзге де қиындықтармен бетпе-бет келуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Коронавирус аяусыз екенін тағы да дәлелдеуде. Себебі, өзі екпе жасап, бүкіл әлемді вакцинамен қамтамасыз етіп отырған Ресейде де жағдай мәз емес. Ал пандемияның «қызыл» аймақта тер төгіп жүрген ақ халаттыларды тіптен қажытып жібергені рас.  

Ресей дәрігерлерінің психологиялық жағдайы нашарлап бара жатқаны туралы психологтар мәлімдеп отыр. Бұған себеп – медицина қызметкерлері 2 жылдан бері науқастарды тоқтаусыз емдеп, өмірлеріне араша түсуде. Ал бүгінде коронавирустың тіпті өршіп кетуі дәрігерлердің эмоционалдық күйіне қатты әсер етуде. Өйткені, онда бір күннің ішінде 986 адам індеттен көз жұмып, жаңа антирекорд орнады. Сондай-ақ, вирусқа шалдыққандар қатары да көбейіп, тәулігіне 31 мыңнан аса науқас сырқаттанған. Бұл пандемия басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Осы ретте мамандар Ресейде эпидахуалдың нашарлауы халықты ғана емес, дәрігерлерді де шаршатты дейді.  

«Инфекциялық вирус ағымының ауырлығы, науқасты құтқару үшін ең тиімді емдеу шарасын жасау, уақыттың тығыздығы, пациенттер денсаулығының бірден нашарлап кетуі, күтпеген жағдайлардың туындауы, осының бәрі шамадан тыс ауыртпалық болды. Бұл кез келген адамның психоэмоционалдық тұрғыдан қажуына әкеліп соғатыны анық. Осының бәрін ойлай бергеннен, талмай жұмыс істегеннен дәрігерлер депрессиялық күйге түсуде», – деді В. М. Бехтерев атындағы Ұлттық медициналық психиатрия және неврология зерттеу орталығының директоры Николай Незнанов.

Әсіресе, Санк-Петербург пен Мәскеу қалаларында жағдай мәз емес. Осы ретте, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «егер науқастар қатары азаймаса, қатаң шаралар енгізілетінін» мәлімдеді. Ал мамандар COVID-19-дың күрт дендеп кетуіне халықтың вакцинаны белсенді алмай отырғаны себеп дейді.

«Осыдан бірнеше күн бұрын Санкт-Петербургте денсаулық сақтау және әлеуметтік сала қызметкерлерін міндетті түрде вакцинациялау туралы бас санитар дәрігердің қаулысы шықты. Сондықтан қазір қызметкерлерде таңдау бар. Олардың вакцина алып, жұмыс істеуіне болады немесе ақысыз демалысқа кетеді», – деді Санкт-Петербург университетінің ректоры, фармацевтика ғылымдарының докторы Игорь Наркевич.

Осылай, Ресейдегі бұл көріністің біздің елде де қайталанбасына кім кепіл?  Отандық дәрігерлер қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес екенін тағы да еске салуда. Көрші мемлекеттің кейпін кимес үшін, әлі де сақтық шараларын қатаң орындаған абзал дейді.  

«Адам көп жиналған жерге бармай, үйде отырып, дәрігерлер берген нұсқаулықтарды толыққанды орындап отырса, әрине, індеттің өршіп кетуінің алдын алады», – деді қалалық №7 аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Жәнібек Серікбай.

Дегенмен, Қазақстанда эпидахуал әзірге тұрақты. Коронавирусқа шалдыққандар саны соңғы апталарда 2 мыңнан асып жатқан жоқ. Алматы әлі де вирус жұқтыру бойынша көш бастап келеді. Десе де, 7 миллионнан аса халық екпені толық алып үлгерді. Ал 2022 жылдан бастап шетелдік вакциналардың бәрі ақылы болмақ. Бұл туралы еліміздің бас дәрігері Алексей Цой мәлімдеді. Тек отандық «QazVac» пен бізде өндірілетін «Спутник V» екпелері тегін болады.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир