|
18.10.2021 | 20:31
2835

Вакцина коронавирустың барлық штамына тиімді әсер етеді – дәрігер

Қазақстанда 7 млн 120 мыңнан астам тұрғын вакцина алды

Вакцина коронавирустың барлық штамына тиімді әсер етеді – дәрігер Фото: Pedro Vilela / Getty Images

Елімізде соңғы тәулікте коронавирустан тағы 7 отандасымыз көз жұмды. Ал кей өңірлерде науқастар қатары күрт өсіп кетті. Соның салдарынан, тағы екі облыс «қызыл» аймаққа өтті. Бұған дейін бас дәрігер Алексей Цой елде эпидахуалдың тұрақты екенін хабарлаған еді. Енді жағдайы нашарлаған аймақтарда жергілікті билік бірқатар шара қабылдамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   


Солтүстік Қазақстан облысында вирусқа шалдыққандар саны соңғы екі аптада бір жарым есеге өскен. Себебі, онда вакцина алу қарқыны төмен дейді мамандар. Одан бөлек, «Дельта» штамы балалар арасында дендеп, 142 сынып қашықтан оқуға жіберіліпті. Осыған байланысты жергілікті эпидемиологтар бұл аймақта толық локдаун жариялау қажет деп дабыл қағуда.

Мұндай көрініс тағы екі өңірде байқалып отыр. Қостанай мен Павлодар облыстарында да эпидахуал күрт нашарлап, бүгін «қызыл» аймаққа өтті. Бұған дейін бұл тізімде коронавирус жұқтырғандар саны ең көп 2 мегаполис пен 2 облыс көш бастаған еді. Ал Алматы әлі де вирус жұғу дерегі бойынша бірінші орында тұр. Бірақ әзірге жағдай тұрақты. Десе де, дәрігерлер ауыр халдегі науқастар қатары азаймай отырғанын айтып, екпе алуға кеңес беруде.

«Эпидахуал қазір Алматы қаласы бойынша біраз тұрақталды. Көп аурухана тамыз айында ашылған. Қазір барлығы өзінің нақты профиліне сай жұмысын жасап жатыр. Инфекциялық аурухана болған соң, әрине, бізге ауыр жағдайдағы адамдар көп түседі. Былтырғымен салыстырғанда биыл жас адамдар көп түсуде. 30 жас пен 64 жас аралығындағы кісілер көбірек. Вакцинаның бір жақсы жері – ағза екпеден ақпаратты жақсы алады. Сол себептен, оның коронавирустың барлық штамына тиімді әсері бар», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының аға дәрігері Абзал Малбасқанов.

Осы ретте, АҚШ билігі Қазақстанға коронавируспен күресу үшін қосымша 2,4 миллион доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсетпек. Бұл туралы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің ресми сайтында хабарланды. Бұл алдағы уақытта COVID-19 штаммдарын зерттеу жұмыстарын тездетуге және вакциналардың жеткізілу деңгейін арттыруға ықпал етпек. Алайда, бізге осылай қол ұшын созған елде эпидахуал әлі де тұрақталмаған. Сондықтан АҚШ билігі бірқатар шараyы қатаңдатуда. Мәселен, 28  қарашаға дейін вакцина алмаған әскери қызметкерлер жұмыстан шығарылмақ. Себебі, онда соңғы екі тәулікте коронавирустан 1800-дей науқас көз жұмған. Огайо штатында тұратын отандасымызға хабарласып, ондағы жағдайды сұраған едік. Оның сөзінше, елде науқастар қатарының өсуіне  карантин шараларының жеңілдетілуі түрткі болыпты. Бірақ ревакциналау қарқынды жүріп жатыр екен.   

«Жалпы Америка бойынша 185 миллионнан аса адам вакцинаның бірінші дозасын қабылдап қойды. Бұл жақта, нақты айтқанда, біз тұрып жатқан штатта қатты карантин шаралары жоқ. Таныстарым бар, екі дозасын алып, ревакцинация екінші дозасын алғандар да бар. Олардың кері әсері болған жоқ. Нью-Йоркта тұрғындарға вакцина салғаны үшін 100 доллардан беріліп жатыр», – дейді Цинциннати қаласының тұрғыны (АҚШ, Огайо штаты) Жандос Жолдасбекұлы.

Елімізде де вакциналау науқаны белсенді өтуде. Екпенің толық курсынан 7 миллион 120 мыңнан аса отандасымыз өтті. Ал екіойлы болып жүргендерге дәрігерлер індетті екпенің ғана жеңетінін ескертуде.    

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир