|
23.09.2021 | 18:45
6926

Елімізде екпе алу қарқыны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр

Қалада бір тәулікте 4 мыңға жуық адам вакцина салдырған

Елімізде екпе алу қарқыны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр Almaty.tv

Елімізде вакцинаның 1-компонентін алғандар саны 7,5 миллионға жуықтады. Өңірлер арасынан коронавирус инфекциясына қарсы екпе егу қарқыны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Тәулік ішінде 4 мыңға жуық адам вакцина салдырған. Осылайша, шаһарда 935 мыңнан астам тұрғын иммундау шарасынан өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Қалалық №2 емханада вакцина алғысы келетіндердің қарасы көп. Мамандардың айтуынша, күніне орта есеппен, 130-140 адам екпе салдырады. Соның нәтижесінде мекемеге тіркелген 69 мыңнан астам тұрғынның 30 мыңға жуығы вакциналаудан өткен.

«Кейінгі кезде халық көптеп келіп жатыр. Вакцинаның маңыздылығын жақсы түсінген сияқты. Бастапқы кезде көп қиындықтар туды. Халықпен көп кездестік. Далада, көшелерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – дейді қалалық №2 емхананың бас дәрігері Тоғжан Сағынышқызы.

Ал вакцинаның 2-компонентін салдырған ерікті Қуаныш Жанұзақ та «Індеттен құтылудың жалғыз жолы – екпе алу» дейді. Оның айтуынша, күнделікті көпшілікпен қарым-қатынаста болғандықтан осындай шешімге келіпті.

«Вакцина – ең үлкен мәселелердің бірі. Өзім вакцина алдым. Өте дұрыс істедім деп ойлаймын. Себебі, денсаулығым өзім үшін маңызды», – дейді ерікті Қуаныш Жанұзақ.

Қаламызда вакцинаның алғашқы компонентін миллионға жуық адам алса, 835 095 адам екпенің екінші дозасын салдырыпты. Оның ішінде 60 жастан асқандар саны 117 мың 106 адамды құрайды.

«Вакцинаның екінші компонентін салдырғалы отырмын. Бұған дейін алғашқы дозасында ешқандай кері әсері сезілмеді. Ең бастысы, денсаулығым бірқалыпты», – дейді қала тұрғыны Мария Уварова.

«Негізі, мұны өз денсаулығым үшін, туыстарым үшін алдым. Барлық жақынымды, қала тұрғындарын вакцина алуға шақырамын», – дейді тағы бір тұрғын Тұрдыгүл Нүсіпәлі.

Өткен тәулікте Алматыда қауіпті індеттің ілмегіне 549 адам ілініпті. Оның 508-інде симптомдық белгілер болса, 41-і – симптомсыз. Қала ауруханаларында қазір 2263 адам емделіп жатыр.

Мерей Қанапиянов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир