|
10.06.2021 | 21:23
4165

Қазақстанда қанша адам коронавирус вакцинасын салдырды

Медицина ғылымдарының докторы екпе салдыру – вирус жұқтырмаудың басты факторы екенін айтады

Қазақстанда қанша адам коронавирус вакцинасын салдырды Almaty.tv

Еліміз бойынша 2 миллион 370 мыңнан астам қазақстандық COVID-19 вакцинаcын алған. Олардың арасында Алматы қаласы бірінші орында тұр. Мұнда халықты жаппай вакциналау науқаны басталғалы бері 325 мыңнан аса тұрғын екпе салдырыпты. Ал соңғы тәулікте 3630 алматылық коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастыруға қадам жасаған, деп хабарлайды Almaty.tv  

Қазір шаһарда 208 егу пункті бар. Олар мектептер, сауда орталықтары, спорт және мәдениет нысандарынан ашылған. Республика сарайында жұмыс істеп жатқан осындай вакциналау бекетінде сәуір айынан бері 3 жарым мыңдай алматылық екпе алыпты.

«Сәуірден бері жұмыс істеп жатырмыз. Ешкімге бас тартып жатқан жоқпыз. Сондықтан вакцинаны барлығы келіп, салдыртып жатыр. Бірінші келген адамдардың дене қызуын өлшейміз. Анкета толтырамыз. Одан кейін  компьютермен тексеріп өтеміз. Үшінші терапевттен өтеді», – деді Медеу ауданы бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығының аға мейірбекесі Гүлнар Сандыбаева.

Ұйымдарда ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін екпені топтап алып жатқан тұрғындар да көбейіп келеді. Мәселен, бүгін Медеу ауданындағы оқу орталығының бір топ қызметкері Республика сарайында вакцина салдырды.

«Барынша әдеттегі шектеулерсіз өмірге оралу үшін вакцина салдырдым. Осында әріптестеріммен бірге келдім. Таңдауым ресейлік Спутник V вакцинасына түсті», – деді Медеу ауданының тұрғыны Мстислав Ващенко.

Мәселен, қалалық Jas Otan жастар қанатының 100-ден аса мүшесі бір мезетте вакцина салдырды. Ұйымның төрағасы барлық қала жастарын екпе алуды кейінге қалдырмауға шақырады. Оның айтуынша, бұл процедура қалыпты өмірге оралудың бірден бір жолы.  

«Біздің қаншама азаматтарымыз коронавирустың кесірінен өмірімен қоштасқан болатын. Және де бұл мен үшін де тың жаңалық емес. Біздің де алыс-жақын туыстарымыз ана өмірге аттанды. Осы тұста біз Jas Otan-дықтар барлық жас достарымызды шақырамыз вакцина алуға. Бұл нәрседен қоырқпау керек», – деді қалалық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыров.

Қазір Алматы эпидемиологиялық жағдай бойынша «сары» аймақта. Соңғы тәулікте мегаполисте 126 тұрғын індет жұқтырған. Мамандар бұл жағдайды реттеуде вакцинаға үміт артып отыр. Медицина ғылымдарының докторы Равиля Егембердиева екпе салдыру – вирус жұқтырмаудың басты факторы екенін айтады.

«Ағзаға әдейі әлсіретілген вирус енгізіледі. Одан организмде ауру туындамайды. Осылайша адам иммунитеті вирусты зерттеп, оған қарсы тұра алады. Сол себепті вакцина алған адамның індетке шалдығу ықтималдығы төмен. Індет жұқтырған күннің өзінде ауруды жеңіл өткереді», – деді С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиева.

Алматылықтар қаладағы 208 вакциналау пунктінің кез-келгеніне барып екпе салдыра алады. Ол үшін өзімен бірге тек жеке куәлігі болуы қажет. Ал, екпенің 2 компонентін алған азаматтарға egov порталында вакциналау құжаты шығып тұрады.

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир