|
02.08.2021 | 20:55
4316

Алматыда зиялы қауым өкілдері тұрғындарды вакцина алуға шақырды

Болашағын ойлайтын әрбір азамат вакцина алады

Дельта штаммы COVID-19-ға қарағанда 40-60 пайызға жұқпалырақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы осындай мәлімдеме жасады. Олардың болжамынша, коронавирустың үнді нұсқасы тамыздың аяғында жалпы індет жұқтыру көрсеткішінің 90 пайызын құрайтын болады. Орталық мамандары жылдам әрі аса қауіпті мутациядан қорғану үшін вакцинаның 2 компонентін алу керек дейді. Ал, бельгиялық ғалымдар әлем халқының 70 пайызы екпе алса ғана жаңа штаммдардың таралуы тоқтайтынын айтады. Осы ретте еліміздің зиялы қауым өкілдері де барша қазақстандықтарды екпе алып, індетке қарсы иммунитет қалыптастыруға үндеп отыр.  

Болашағын ойлайтын әрбір азамат вакцина алады. Тарихшы Хангелді кезінде коронавируспен ауыр хәлде ауруханаға түсіп, біраз салмақ жоғалтып, індеттің зардабын көрген. Профессор екпенің пандемиядан шығар жалғыз жол екенін айтады. Айтуынша, вакцинаның тиімілігіне әлем тарихының өзі дәлел. Шешек, тұмау, оба, туберкулез сынды аурулардың барлығына адамзат дәл осы екпенің арқасында төтеп берген дейді ол.

«Адам баласында мұндай індеттер көп болған. Шешек дейді, оба дейді, сүзек, туберкулез. Соның бәрінен адам баласы екпемен, вакцинациямен ғана құтылды. Аспаннан түскен ем болған жоқ. Қызылша, сүзек дегендерді мүлдем жоқ қылды. Екпенің арқасында ғана. Оған басқаның емес, тек екпенің арқасында ғана тыйым салынды», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.

Қазір қаладағы індет жұқтыру көрсеткіші былтырғы жаз айларындағы вирус дендеген уақыттан 3 есе көп. Күнделікті шамамен 1,5 мыңнан аса алматылықтан коронавирус анықталып жатыр. Ауруханалардағы жағдай да мәз емес. Қазір ковидтік науқастарға арналған жалпы төсек-орынның 65 пайызы толған. Шаһардағы ушыға түскен эпидахуалға байланысты еліміздің белді азаматтары да тұрғындарды екпе алуға шақырады.

«Ең алғашқы сөз шыққан кезде, әңгіме шыққан кезде, осындай вакцина бар деген кезде, сол кезде ойлана бастадым «міндетті түрде сондай вакцина алу керек» деп. Себебі бала кезімізден вакцина алып жүрміз ғой. Көптеген ауруларға бала кезімізде алып жүрміз ғой. Вакцина аламыз, сол вакцина алғаннан кейін ешқандай ауру болмайды. Тура сондай ауру болмайтын», – деді Қалалық энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры Төлеуғали Тайтөлеев.

Айта кетейік, дәрігерлер қалада белең алып бара жатқан үнді штаммының жас талғамайтынын ескертеді. Сондықтан балалардың карантин талаптарын сақтауын қадағалап, оларды қорғау үшін вакцина алуға кеңес береді. Мәселен, тиісті ережені сақтап маска тағу аурудан аман қалуға әсері мол дейді мамандар.  

Сымбат Ноғай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир