|
22.04.2020 | 23:34
2014

Ұлы Жеңіске 75 жыл: Дінмұхаммед Қонаевтың күзетінде қызмет еткен 97 жастағы батыр ана туралы не білеміз

Сұрапыл соғыста фашистердің нысанына айналған ұшқыш әйел талай рет өлім аузынан аман қалған

Almaty.tv

Ер есімі – ел есінде. Алматыда Ұлы Отан соғысы кезінде хас жаудың әрбір басқан қадамын әуеден барлап, бейбіт уақытта Дінмұхаммед Қонаевтың күзетінде қызмет еткен 97 жастағы батыр ана тұрады. Сұрапыл соғыста фашистердің нысанына айналған ұшқыш әйел талай рет өлім аузынан аман қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соғыста талай адамның жанын аман алып қалған батыр ананы аты аңызға айналған әскери барлаушылар қатарына жатқызуға толық негіз бар. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған Мария Целуева мектеп бітірген соң Мәскеудің авиа-училищесіне оқуға түседі. Сол жылдары әскери ұшақтарға қолы жеткен әйелдердің саны саусақпен санарлық еді. Ержүрек ұшқыш қыздардың қатарында болған Целуева Украинаны басып алған фашистер ордасымен қатар, ішкі дұшпандарды да әшкерелеу мақсатында барлау жүргізетін. Қаншама рет хас жауымен бетпе-бет келген батыр қыз бүгінде сұрапыл жылдарды ыстық ықыласпен еске алады.

«Әскери ұшақпен барлауға жиі шығатынбыз. Фашистердің құйтырқы ойын анықтау менің жұмысым еді. Кейде мені байқап қалған жау ұшақтары өзіме шабуыл жасайтын. Әйтеуір ажалдан аман қалдым», – деді Ұлы отан соғысының ардагері Мария ЦЕЛУЕВА.

Батыр қыздың жауынгерлік дағдылары соғыстан кейінгі бейбіт заманда да керегіне жарап, ардагер болашақ әуе десантшыларға жау тылына жорық жасаудың қыр-сырын үйретумен айналысады. Майор дәрежесіне дейін көтерілген Мария Целуеваның өзі де жүзден астам рет парашютпен секірулер жасаған. Ал, 1948 жылдан бастап Дінмұхамед Қонаевтың күзетінде қызметін жалғастырады.  Жас офицер Целуева арқылы Димаш Ахметұлы Советтік Қазақстан аумағында болған барлық сынақтардан хабардар болып отырған.

«Біз ғарыш кемелерін ұшыруды жүзеге асырдық. Қайтып қонатын жерінде ғарышкерлерді күтіп алатынбыз. Егер дұрыс қонбау байқалса, дереу құтқару операциясы ұйымдастырылатын. Оқиғаның қалай өрбігенін мемлекет басшылығы телеграф лентасы арқылы дер кезінде біліп отыратын», – деді Ұлы отан соғысының ардагері Мария ЦЕЛУЕВА.

Мария Целуева мемлекеттің бірінші тұлғасымен қызмет ету мәртебесі бұйырғаны үшін тағдырына алғыс айтады. Одақ ыдырағаннан кейін де  ардагер сүйікті жары жерленген Қазақстанда қалып қоған. Отан үшін қан мен тер төккен Мария әжей бүгінде Алматыдағы ардагерлер үйінде ғұмыр кешуде. Ал, ержүрек  ананың ерлігін ұрпаққа жеткізу  жастарға аманат болмақ!

Аяулым Көлжігіт, Дияс Махамбетов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram, там самая оперативная информация. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

Прямой эфир